astana-view

Кәсіпкерлер палатасы: қолдайды және идеялар ұсынады

2014 жылғы 17 Маусым
2478 просмотров

Біздің облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен бірге облыс орталығындағы бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарын аралады.

«Ақтөбе бейметалл құбырлар зауыты» АҚ бас директоры Ян Тампаев өндірістегі қазіргі қалыптасқан ахуал туралы баяндады. Зауыт сумен жабдықтау, кәріз және өнеркәсіп ағындары үшін әйнекті-пластикалық құбырлар шығарады. Жалпы өндіріс басқарудың компьютерлік жүйесімен итальяндық жоғары технологиялық автоматтандырылған жабдықта жүзеге асырылады, мұның өзі халықаралық стандарттар мен өнеркәсіп нормалары талаптарына сәйкес бейметалл құбырлардың сапасына кепілдік береді. Зауыттың өнімділік қуаты жылына шартты бірлікте 320 шақырымды құрайды. Нағыз нарық заманында іске қосылған зауыттың құнының өзі 19,0 млн. АҚШ долларын құрайды.

2009 жылы зауытта жылына 80 шақырым әйнекті-талшықты құбыр шығаратын қуаттылықтағы технологиялық желі іске қосылды. Ол мұнай-газ саласының қажеттіліктерін өтеуге арналған.

— Біздің кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктері ауқымды өткізу қабілетіне ие және тозуға барынша төзімді, — деп атап көрсетті Ян Тампайұлы, — Сондықтан да өз республикамызды айтпағанда, Ресей Федерациясының Пятигорск, Невиномысск, Набережные Челны қалаларымен, Дағыстан Республикасымен тығыз байланыс орнаттық, олар біздің бұл бағыттағы жобаларымызға ынталылық танытты.

Зауыт өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына және ТМД елдеріне кеңінен шығарыла бастады. Кәсіпорын сұранысқа орай өндірісті кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруда, оның ішінде теңіз жобаларында, нақтырақ айтқанда Қашағанда пайдалану үшін икемді құбырлар шығаруды жолға қоймақшы. Зауыт, сондай-ақ, Атырау және Маңғыстау облыстары мұнайшыларымен ынтымақтастықты дамытуда, Ресей Федерациясынан тапсырыстар түсе бастады. 2012 жылы сауда-экономикалық қатынас аясында Қазан қаласындағы «Татнефть-Стекловолокно» ашық акционерлік қоғамымен оларға өнім жеткізу жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды.

Қазіргі уақытта кәсіпорында 180 адам еңбек етеді. Олар еңбекақыларын тұрақты түрде алып тұрады. Алдағы уақытта композитті материалдардан өнім шығаруды дамыту жоспарлануда. Бұл ретте сұранысқа орай әртүрлі бағыттағы қажеттіліктердің өтелуі қарастырылмақшы.

Зауыт жұмысымен танысқан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктер аясын кеңейте түсуге жол ашатынын айтып, алдағы күндерге сәттілік тіледі.

Екінші нысан — «Ақтөберентген» акционерлік қоғамында Тимур Құлыбаевқа осындағы директорлар кеңесінің төрағасы Рақымжан Есмағамбетов зауыттың жай-күйін таныстырды. Бүгінгі күні еліміздегі медициналық және өнеркәсіптік рентген аппараттарын шығаратын өндірістің жетістіктерімен қатар, орын алып отырған проблемасы да бар.

Зауыт негізінен ауыспалы және жылжымалы рентген-диагностикалық және флюорографиялық аппараттарды, сондай-ақ, стационарлық және жылжымалы өнеркәсіптік аппараттарды шығарады. Кәсіпорын өнімдерін әлемнің 23 елі пайдаланады. Ресейлік әріптестермен 3 бірлескен кәсіпорын құрылды.

Қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдеріне мемлекеттік тапсырыс болмай отырғаны проблема ретінде алға тартылды.

Екі кәсіпорындағы таныстықтан соң жергілікті кәсіпкерлердің басын қосқан жиын өтті. Жиын алдында «Капитал Плаза» бизнес орталығында кәсіпкерлер палатасы филиалы базасында таяуда ғана ашылған кәсіпкерлікті дамыту орталығы жұмысы таныстырылды. Орталық директоры Ержан Нұрғалиевтың айтуынша кәсіпкерлер мұнда өз ісін ашу және дамыту бойынша қызметтердің толық пакетін ала алады, сонымен бірге, әртүрлі рұқсат беретін құжаттарға қысқа мерзімде ие болу мүмкіндігі ескерілген. Орталықтың ашылуын «Алтын Қыран» қайырымдылық қоры қаржыландырып отыр.

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысқан жиында кәсіпкерлікті дамыту, қолдау мәселелері кеңінен сөз болды.

— Біз кәсіпкерлердің проблемаларын терең зерттедік. Ұлттық палатаға олардан түскен ұсыныс-пікірлердің, өтініштердің шамамен жетпіс пайызы қаралып, оң шешімін табуда. Біз Ақтөбе облысында кәсіпкерліктің белсенді түрде жүзеге асып жатқанын біліп отырмыз. Мұның өзі экономикалық ахуалға ықпалын тигізері сөзсіз. Экономикалық одақтың құрылуы да бұған серпін берері ақиқат.

Біз кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесіне қатты көңіл бөлудеміз. Жергілікті тауар өндірушілерге көмектесу, оларды қолдау — басты мәселелердің бірі.

Сіздермен ашық әңгімелесуге, ой-пікірлеріңізді білуге келдік. Мақсатымыз — бірлесіп жұмыс істеу. Сонда ғана жетістіктерге жететін боламыз, — деді Тимур Құлыбаев өз сөзінде.

Облыстағы өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы, еліміздегі ірі кәсіпкер Исламбек Салжанов кәсіпкерлікті дамыту бағыттарына тоқталды. Ол жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге жол көрсету, оларды демеу маңыздылығы жөнінде айтты. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Төлеміс Шотанов 2013 жылдың қараша айында құрылған жергілікті құрылымның жұмыс бағыттарын жіліктеп айтып берді.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл шараның маңыздылығына назар аударып, кәсіпкерлер арасындағы қозғалыстың жандана түскенін, бұл орайда өңірлік кәсіпкерлер палатасы қозғау салып отырғанын баян етті.

Жиында жергілікті кәсіпкерлер және кәсіпкерлік ұйымдардың жетекшілері Мұрат Итеғұлов, Сәндігүл Баймағамбетова, Гаик Тертерян, Қалиолла Сағындықов, Есімхан Құрманғазиндер сөз сөйлеп, өздері атқарып жатқан іс-шаралар және кейбір толғандырған мәселелер туралы ойларын ортаға салды.

Жиын қорытындысында Тимур Құлыбаев өңірлік кәсіпкерлер палаталарына қойылып отырған басты міндет — билікпен кәсіби диалог жүргізу, бизнесті толғандырып отырған және мемлекеттік органдар тарапынан шешімін табуды талап етіп отырған өзекті әрі күрделі мәселелерді талқыға қою екендігін айтып, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, Үкімет бизнесті дамыту үшін ауқымды бағдарламалар жасап отырғанын және бір мәрте еске салды.

Дерекнамасы: aktobegazeti.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер