«13 колледжде бизнес үшін 500-ден аса маман дайындалмақ»
Осы сапар барысында Т. Құлыбаев облысымыздағы ірі кәсіпорындар – ет, балық қалбырларының отан-дық нарығындағы көшбасшы «Кублей» ЖШС және медициналық құралдар шығаратын «Орал-МедРегион» ЖШС-ның жұмысымен танысты.
Одан кейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев өңірде бизнесті дамыту мәселелерін талқылау мақсатында облыстың салалық қауымдастық өкілдері мен бизнесмендері қатысқан Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының кеңейтілген отырысына қатысты.
Тимур Асқарұлы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бүгінгі атқарып жатқан істерімен таныстырып өтті.
- Біз сіздермен өңірдегі бизнесті дамытудағы күрделі мәселелер мен оларды оңтайлы шешу жолдарын талқылау мақсатында келдік. Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына қойылып отырған басты міндет – билікпен кәсіби диалог жүргізу, бизнесті толғандырып отырған және мемлекеттік органдар тарапынан шешімін табуды талап етіп отырған өзекті әрі күрделі мәселелерді талқыға қою. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыс әкімшілігі ұдайы мүдделілік танытуда. Үкімет бизнесті дамыту үшін ауқымды бағдарламалар жасап отыр. Осы бағдарламалардың орындалуын өңірлік кеңес қадағалауы тиіс. Аймақтық даму институттары бизнеске арналған. Өңірдегі бизнес ахуалды дамытудың екі қыры бар десек, соның бірі - заңдар. Өздеріңіз берген ұсыныстармен де жұмыс жасаудамыз. Елбасы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысында аймақтың даму картасын ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жасайтынын айтқан болатын. Біз бұл жұмысымызда кәсіпкерлердің жобаларын, мүмкіндігін ескеретін боламыз. Ол үшін аймақтарда бизнес сараптама жүргізетін өңірлік палаталар бар, - деді Тимур Құлыбаев.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы өңірімізге «Батыс Қазақстан облысында бизнеске қолайлы жағдай жасалған. Мұнай өңдеу, азық-түлік, өндіріс химиясы, ауыл шаруашылығы техникаларын жасау, құрылыс материалдары өндірісі жақсы дамуда» деп баға берді.
Жиында мамандарды дайындау мәселесі де айтылды. Бизнесті дамыту үшін жасалып отырған үлкен мүмкіндіктерді ауыл кәсіпкерлеріне кеңірек түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі сөз болды. Жиында Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің жартыжылдық жұмысы бойынша есебі тыңдалды.
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, төраға орынбасары Нұржан Әлтаев сөз алып, аймақтармен жұмыстағы іс-тәжірибелерін ортаға салды.
- Әр өңірге тән мәселе – маман жетіспеушілігі. Тағы бір мәселе ауыл кәсіпкерлеріне қаржының қолжетімсіздігі. Себебі екінші деңгейлі банктер алыс ауылдарға несие бергісі жоқ, кепілдіктеріне сенімсіздік танытады. Осы мәселелерді шешуге Ұлттық палата кіріскелі отыр. Мәселен, жоғарыда аталған кадрлар дайындау бойынша дуалдық жүйелік карта жасалды. Басым салалар бойынша екі-үш колледж кәсіпкерлердің басқаруына өтеді. Сол колледждерде дуалдық жүйе бойынша мамандар дайындалмақ. БҚО-да 7 басым бағытты белгіледік. Ол ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, машина жасау бағыттары бойынша 13 колледжде бизнес үшін 500-ден астам маман дайындалатын болады. Ал айтылған екінші мәселенің шешіміне келсек, Оңтүстік Қазақстанда әкімшілік қарамағында қаржылық институт ашылған болатын. Өңірлік банк десек те болады. Өңірлік инвестициялық қор банктер қаржыландырмаған жобаларды қолға алады. Осы тәжірибе аясында берілген несиелерге 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне де осындай қаржылық институт құруды айтып отырмыз. Біз оған жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз, - деді ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.
«Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар арқылы нақты қолдауды сезінуде. Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арадағы өзара әріптестік Елбасы қойған міндеттерді орындауға, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа деңгейіне жеткізуге мүмкіндік жасайды деп санаймын», - деді өз сөзінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Дерекнамасы: BAQ.kz
Пікір қалдыру:
Пікірлер: