Серік Төрегелдин: «Ұлттық палата Елбасы сенімін ақтайды»
Кәсіпкерлердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы уығын шаншып, керегесін құрғалы аса көп уақыт бола қойған жоқ. Десек те, батыстың «уақыт – ақша» дейтін тағылымына жүгінсек, Палатаның әр күні кәсіпкерлерге кең өріс ашар қадамға емес, адымға айналуы тиіс. Сөйтіп, Елбасының тікелей тапсырмасымен дүниеге келген Палата кәсіпкерлерді «сұқ көзден», «суық қолдан» сақтайтын кәнігі қорғаушысы, қолдаушысы болуы керек. Елбасы жүктеген міндет, палата арқалаған миссия – осы. Санаулы уақыт ішінде бұл миссия толықтай орындалмаса да, кәсіпкердің томардай-томардай түйінді мәселесін шеше алды ма? Мемлекет басшысы жүктеген межеден қалай шықпақ? Осы тақылеттес бірқатар сауалға «Қуатты Қазақстан үшін» Азаматтық Одағы ЗТБ, «Техникалық реттеу және метрология қатысушыларының Қазақстан қауымдастығы» ЗТБ президенті, Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы Кеңесі мен Комитетінің мүшесі Серік Төрегелдин жауап берген еді...
Қазақстанда бизнестің дамуы мен нығаюына дәл Елбасыдай зор үлес қосқан бірде-бір шенеунікті білмейді екенмін. Шенеуніктердің деректері арқылы емес Елбасы кәсіпкерлермен кездескен соң, әрі өзінің бақылауы арқылы маңызды шешімдер қабылдайтынын көзіміз көріп жүр. Бұған дәлел – Президенттің Үкіметке, Министрліктерге берген тапсырмалары, бизнеске қатысты Жарлықтарға қол қоюы, қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуі, жаңа заңдардың қабылдануы, 2015 жылға дейін жоспарлы тексеруге мораторий жариялауы деп нық айта аламыз. Мұның барлығы шағын және орта бизнестің дамуы мен өркендеуі үшін жасалып отырған қадамдар. Өздеріңіз білесіздер, былтырғы жылдың сәуірінде кәсіпкерлермен кездескенде Президент кәсіпкерлер ұлттық экономиканың қозғаушы күші болуы керектігін тағы да бір баса айтты.
Баршаңызға мәлім, өткен жылы Елбасы кәсіпкерлерге пайдасы тиетін тағы бір Заңға қол қойды. Ол – «Қазақстан Республикасындағы ұлттық палата туралы» Заң. Бұл Ұлттық палата құру тұжырымдамасының негізінде палатадағы кәсіпкерлердің ынтымақтастығы сынды халықаралық тәжірибе жатыр. Мұндағы мақсат – бизнес-қауымдастықты нығайтып, ұлттық экономиканы одан әрі дамыту. Онда кәсіпкерлік палаталардың континентальдық моделі қолданылды. Жасыратыны жоқ, бұл заңнама дайындалып жатқанда қолдаушылардан гөрі қарсылық танытқандар көп болды. Бүгінде де Палата туралы пікірлер сан алуан. Палатаға міндетті мүшелікке өту арқылы кәсіпкер Қазақстанның ұлттық экономикалық мүддесінде бәсекелестіктің қосымша факторы болатынын әлі күнге дейін барлық кәсіпкер түсінбей жүр.
Сөзіңіз аузыңызда, түсінбестіктің түбі опық жегізері хақ. Сонда кәсіпкерлердің бұдан былай арқа сүйер палатасы барын, мәселесінің шешімі шиеленіспей жылдам шешілетініне сенімін қалай ұялатпақ Палата?
– Естеріңізде болса, Үкіметтің 2012 жылғы есебінде алаңдаушылық деректер айтылған-ды. «Өнеркәсіп өндірісінің құлдырап, нақты сектордың төмендеп, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігі артқанын көрсеткен барлық көрсеткіштер. Әрекет етуші заңды тұлғалар 17 пайызға, жеке кәсіпкерлік 10,5 пайызға қысқарған. Бұл – жеке кәсіпкерліктің әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде қысымда тұрғандығының белгісі» деген алаңдаулар ашық жария етілген еді. Бұл – еліміздің экономикасы мен бизнесі үшін қауіпті. Сондықтан да, меніңше, Палата туралы заң қабылдануына орай қоғамдық ұйымдармен, бизнеспен Заңды насихаттауда жұмыс әлсіремеуі тиіс. Егер де кімде-кім заң қабылданды, ендігі жұмыс өздігінен жүзеге асады десе, оңбай қателеседі. Әлі де түсіндіру жұмысын жалғастыруымыз керек. Пессимистер, Палатаның әлемдік тәжірибесіне және болашағына сенбейтіндердің пікірі бекер екенін айғақтау үшін атқарылған жұмыстар туралы кең және ауқымды түрде хабардар етіп отыру керек. Өйткені, жаңа дүние әрдайым ол туралы білмейтіндер үшін жұмбақ екені белгілі. Тіпті, көпшілік Палатаның немен айналысып, онда қандай жұмыстар атқарылатындығы туралы білмейді. Сондықтан да Палатаның қандай жұмыс атқаратындығына тоқталғым келеді. Палата өңірлерден жинақталған тәжірибелі мамандармен жасақталды.
Мәселен, Қарағанды облысынан белсенді деген екі қоғамдық ұйымның жетекшілері жұмысқа шақырылды. Соның бірі – Талғат Доскенов – Комитет төрағасы, Палата Президиумының төрағасы болып қызмет етуде. Талғат Доскенов – Қарағанды облысында танымал адам. Бизнесмен, мемлекеттік қызметкер, қоғамдық қайраткер. Он жыл мұғдарында Орталық-Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығын басқарды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің проблемасын шенеуніктердің алдында ашық айтқан, билік пен кәсіпкерлерді жалғап тұрған алтын көпір іспетті.
Палата құрамында өзіңіз мүше болып табылатын Кеңес және Комитет бар. Бұдан бөлек, тағы да біршама комитеттер құрылғаны және аян. Өзіңіз қатысатын Кәсіпкерлер құқын қорғайтын кеңес осы уақыт аралығында кәсіпкерлердің пайдасына қандай шешімдер қабылдады?
Ұлттық палатаның кәсіпкерлер құқын қорғайтын кеңес кеңестік-ақпараттық орган болып табылады. Кеңес Ұлттық палатадағы кәсіпкерлердің құқы мен заңдық мүдделерін қорғау мәселесі бойынша жедел әрекет ету және жүйелі шешу, заңнаманы жетілдіруде мемлекеттік органдарға ұсыныс беру және мемлекеттік органдардың кәсіпкерлікке заңсыз араласу дерегін болдырмау үшін, сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқын бұзған лауазымды тұлғаларды жауаптылыққа тарту туралы мемлекеттік органдарға ұсыныстар айту мақсатында құрылған. Кеңес кәсіпкерлерді қорғап, қолдай алатын беделді, білімді адамдардан жасақталған. Мұнда Парламент депутаттары, Сенаторлар, заңгерлер және мемлекетік қызметшілер де бар. Кеңес отырысы Сенат Палатасының өкілі Ғани Қасымовтың төрағалығымен өтеді. Кеңестің 4 отырысында 15 мәселе қаралды. Басым бөлігінде кәсіпкерлердің энергоүнемдеу, бәскелестікті қорғауда ақпараттар ұсыну мерзімдері, «Қазақстан-қағазы» АҚ қатысты қаржы полициясы органдарының іс-жүргізу әрекеттері туралы, сондай-ақ кәсіпкерліктің мүддесін қорғайтын заңнамаларға қатысты көкейтесті мәселелер қаралды. Кеңес қорытындысында материалдарды тиісті шара қолдану үшін мемлекеттік органдарға жолдау ұсынылды. Мұның нәтижесі қолмен ұстап, көзбен көргендей. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанның әр қалаларындағы көптеген кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар тарапынан ұзақ уақыт шешілмеген мәселелері шешімін тапты.
- Ал өзіңіз отырысына үнемі қатысатын құрылыс саласына қатысты комитет ше? Бұл комитет құрылыс өнідірісімен айналысатын кәсіпкерлерге көмек қолын соза алды ма?
Ұлттық палатаның құрылыс, құрылыс материалдарының өндірісі және ТКШ комитеті болса, құрылыс саласында кәсіпкерлікті дамыту үшін құрылды. Комитет жобалау, барлау, құрылыс мерзімін қысқарту, жалпы құрылыс өндірісінің арзандауына қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша мәселелерді талқыға салды. Комитеттің 3 отырысы өтті. Онда үлестік құрылысты қаржыландыру механизмидері, «Ғимараттар мен құрылымдарды техникалық реттеу ерекшеліктері», «Құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау» және т.б.құрлысы саласына қатысты өзекті проблемалар қарастырылды. Мәселелерді тыңғылықты шешу үшін нақты шаралар қолға алынды. Шыны керек, бұл проблемалар жылдар бойы жинақталып қалған проблемалар. Шешімін тауып жатыр.
Палатаның «арық сөйлеп, семіз шығуы үшін» қандай қадамдар жасауы тиіс деп ойлайсыз?
Жоғарыда аталған Кеңес пен Комитет секілді Палатадағы өзге де 15 комитет осылайша жұмыс атқарса, Палата өзіне жүктелген міндетті орындай алатын болады. Бұл – Елбасының Ұлттық палата құру туралы тиімді шешімі екенін айғақтай түспек. Барлық кәсіпкерлерге айтарым – Елбасының қолдауынан қалыс қалмаңыздар. Ұлттық палатаның аймақтық органдары арқылы өз мәселелеріңізді шешуге мүдделі болыңыздар дегім келеді. Ұлттық палата - Елбасы артқан сенімді ақтағысы келеді.
Дерекнамасы: ortalyk-kaz.kz
Пікір қалдыру:
Пікірлер: