Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Қостанай облысында болды
Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев өңірдегі кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігі мен бизнесті жүргізуде кездесіп отырған кедергілермен танысты.
Ол Тобыл өңіріндегі палата кеңесінің мүшелерімен, аймақ басшыларымен және жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті. Төраға отандық бизнеске теріс әсер етіп отырған келеңсіз жағдайлардың бірі ретінде әкімшілік кедергілерді атап көрсетті. «Мәселен, құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу үшін Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлерден жүзден астам рәсім рұхсат қағаз талап етілген. Облыстық әкімдікпен бірлескен жұмыстың арқасында біз осындай келеңсіздіктерді 30 пайызға қысқарттық. Бұл сәтті тәжірибеден Үкімет те хабардар. Енді оны барлық облысқа тарату жайлы шешім қабылданды» — деді ол. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесу барысында Ұлттық кәсіпкерлер палата Басқармасының Төрағасы Абылай Мырзахметов өздерінің шұғылданатын негізгі бағыттар жөнінде хабардар етті. Облыс орталығында өткен басқосуда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Т. Кұлыбаев алда тұрған келелі міндеттерді айта келе, жыл басынан ұйымның нақты жүйесін құрудың сәті түскендігін жеткізді. «Төралқа құрылып, оған аймақтар өкілдері ғана емес, салалық қауымдастықтар да кірді. Басқарма жасақталды оған ірі бизнесмендер, сондай-ақ мемлекеттік қызметте бай тәжірибе жинақтаған адамдар да мүше», — деп атап өтті Құлыбаев. Астанадан ат терлетіп келген қонақтар кәсіпкерлердің мәселелері мен тілектерін тыңдады. Сондай-ақ сапар барысында ҰКП делегациясы «ЕвразКаспианСталь», «СарыарқаАвтоПром» ЖШС және жаңадан бой көтерген «FitFashion» спорт кешенін аралады.
Дерекнамасы: Қостанай таңы
Пікір қалдыру:
Пікірлер: