astana-view

Кәсіпкерлер кадр мәселесін шешпек

2014 жылғы 14 Шілде
2697 просмотров

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қажетті кадрларды даярлауға кірісіп кетті.

Бұдан былай кәсіпкерлер өздеріне қажетті мамандарды арнайы оқытып алуына мүмкіндік бар. ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, «Дуальды оқытудың жол картасын» жасалды. Студенттер техникалық колледжерде 40%-ы білім алса, қалған 60%-ын тәжірибе жүзінде үйренеді. Ихтиор бұл кәсіпорынның күнделікті шуына үйреніп қалған. Шілденің шыжыған ыстығында отпен жұмыс істеу оған еш қиындық туғызбайды. Себебі, дәнекерлеуді бір кісідей меңгерген бозбала бұл өз қалауым деп отыр. Жұмыскерлердің арасындағы ең жас маман техникалық колледждегі оқуын тәмамдаған соң, бірден осы мекемеге жұмысқа келген. Қазір 4-дәрежелі дәнекерлеуші сатысына көтерілген.

Ихтиор Мадазимов, дәнекерлеуші:

- Шынымды айтсам, бұл – менің сүйікті жұмысым. Қатарластарымның көбі заңгер, экономист мамандығын игерген. Бірақ араларында жұмыс таба алмай жүргендері көп. Менің жұмысым қарапайым болғанымен, өзіме ұнайды. Құрылыс бар жерде дәнекерлеуші мамандығы әрқашан керек.

Ихтиор сынды жастар мұнда көп. Жуырда ашылған алып кәсіпорында 100-ден астам жұмыскер бар. Құрылысы тоқтамайтын елордадағы көпқабатты үйлердің сыртқы жабындысын жасап шығарады. Бүгінде қала құрылысының сұранысын қамтамасыз етіп отыр.

Бақытжан Қайыров, цех бригадирі:

- Бұл цех өз жұмысын осыдан 1,5 жыл бұрын ғана бастады. Қазірде қаладағы құрылыс нысандарын сыртқы жабындылармен қамтамасыз етеміз. Бұрын шетелден таситын мұндай материалдарды қазір өзіміз жасаймыз. Жұмыскерлеріміздің барлығы – кәсіби мамандар.

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осындай кәсіпорындарға қажетті мамандарды даярлаудың оңтайлы жолын тапты. Кез келген кәсіпкер өзіне қажетті маманды аз мерзімде өзі-ақ оқытып ала алады. Ол үшін қазірде өңірлерде кәсіпкерліктер жанынан 8-ге жуық оқу орындары ашылып, техникалық білім беруде.

Асқар Әубәкіров, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту департаментінің директоры:

- Әрбір облыста кәсіпкерлер қандай мамандықты қажет етеді? Сол мамандықтарды қазір қандай колледждер оқытады? Біз соларды біріктіріп қазір үлкен жол картасын дайындадық. Әрбір облыста 370-тен астам кәсіпкер, 170-тен астам оқу орны бар. Енді сол жол картасы бойынша біз сапалы мамандарды дайындауымыз керек.

Қазірдің өзінде кәсіпкерлер палатасы мен колледждер арасында кәсіби мамандарды даярлауға қатысты бірқатар келісім жасалған. Болашақта кәсіби-техникалық білім алған жастарды шетелге тәжірибе алмасуға жіберу көзделіп отыр.

Дерекнамасы: 24KZ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер