astana-view

БІЗГЕ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МАМАН ҚАЖЕТ

2014 жылғы 18 Шілде
5833 просмотров

Нұржан ӘЛТАЕВ, Ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасының орынбасары 

Қазіргі таңда білікті маман тапшылығы үлкен мәселеге айналып отыр. Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлік палатасы Үдемелі индустриялы-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығында осы күні маңызды мәселе болып отырған аса білікті маман дайындау жайына қатысуды жоспарлап отыр. Инновациялық технологияларды пайдаланатын жаңа ашылған кәсіпорындарға мамандар қажет. Бүгінгі таңда тек инженерлік-техникалық қызметкерлер ғана емес, білікті жұмысшы да жетіспейді. 

Таяуда өткен Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Бірінші съезінде ҰКП адам капиталы, яғни маман дайындауды бес негізгі мәселенің бірі ретінде күн тәртібіне бекерге шығарған жоқ. Айтпақшы, бұл – бұған дейін «Атамекен» одағында қолға алынбаған жаңа бағыт.  

Еліміздің ірі бизнес-ұйымы білікті маман дайындау мәселесін шешуді қолға алды, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылмақ, ең бірінші қандай мамандарды дайындауымыз қажет, мамандар қалай оқытылады деген сұрақтарды біз ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мырзаға қойған едік.

– Нұржан Бауыржанұлы, бәсекеге қа­білетті экономика бәсекеге қабілетті адам капиталын қажет ететіні анық. Қа­­зақ­­стандық өнеркәсіп орындарына, әсіресе, ҮИИДМБ-ның екінші бесжылдығы ке­зінде қандай мамандар қажет екендігіне сараптама жасалды ма? Осы бағытта ҰКП қандай жұмыстар атқарды?

– Экономикамыздың дамуына тежеуіш болып отырған салмақты фактордың бірі жоғары білікті маман тапшылығы екені рас. Отандық өнеркәсіптің талабына жауап беретін мамандарсыз еліміздің басты өнеркәсіптік бағдарламасының  жүзеге асуы мүмкін емес. 

Сараптама қорытындысы бойынша, ресми тіркелген жұмыссыздардың  төрттен бірі  ЖОО түлектері болса, үштен бірі – колледж бітіргендер. Тиісінше, тұрғындардың еңбекпен қамтылу мә­селесі мен экономиканың түрлі саласына қажет мамандар тапшылығы шешімін таппай тұр. 

Сөз жоқ, бұл мәселе біздің басты назарымызда, қазіргі таңда Ұлттық па­ла­та салалық қауымдастықтармен бірге экономиканың әр саласының дамуына  болжам жасап, «Мамандық картасын» жасап жатыр. Барлық өңірлердегі жұмыс істеп тұрған 8 мыңнан астам кәсіпорынға 2019 жылға дейін қандай маман иелері керек екендігіне сауалнама жүргіздік. Мәселен, биыл 11 салалық қауымдастық пен одақтарға  46 мыңнан астам орта және жоғары буын мамандары қажет екен. Мұндай жұмыс алдағы уақытта үнемі жүргізілетін болады.  

Мамандарды даярлауда сөзсіз нарық талабын ескеру қажет. Дегенмен, кадр мәселесін шешуде кәсіпкерлердің өздері де кәсіби және техникалық білім беру үдерісіне қатысуы шарт. Бұл үшін біз болашақ мамандардың кәсіпорындарда өндірістік  жұмыс дағдысына  оқу мер­зімінде-ақ қалыптасуы үшін кәсіп­орын­дарда  дуальді оқу  тәжірибесін ен­гізіп, оны барынша дамытуды жос­пар­лап отырмыз. Бұл тәжірибенің ар­тық­шылығы – жұмыссыздық мәселесі ше­шіледі, жастарымыз  мамандық игеріп, жұмысқа тұрады, ал кәсіпорындар білікті мамандармен қамтамасыз етіледі. 

Айта кету керек, сараптама бары­сын­да қолданыстағы мамандық жә­не техникалық білім саласындағы нор­мативтік-құқықтық актіде дуальдік оқытуды енгізуге әкімшілік кедергі келтіретін  17 НҚА  бойынша қарсы жағ­дай анықталды. ҰКП жолдаған осы сауалға үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Парламент түзетулер енгізуге жұмыс жасайтын болады. 

«Дуальді оқытудың жол картасы» құрылып, жұмыс істеп тұрған 173 кол­леджде 11 сала бойынша 83 мамандыққа 10 мыңнан астам маманды дуальді оқу формасы бойынша дайындап, рес­пуб­ликамыздағы 398 кәсіпорынға жібе­рілді. 

Еліміздегі 47 колледж Өңірлік кәсіп­кер­лер палаталарының келісімі бойынша тәжірибелік сабақ сағаттарын 60 пайызға дейін  арттырды. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Пав­лодар, Қостанай сияқты бес облыстан басқа облыстарда германиялық дуальді оқу формасы енгізіледі. 

ҰКП-ның қолдауымен елімізде  ма­мандарды дайындау бойынша 7 оқу ор­талығы мен кластер жұмыс істеп тұр. 

Ұлттық палата, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша еліміздің әр аймағында  машина жасау және құрылыс материалдар өндірісі саласында жұмыс  істеп  жатқан орта буын мамандарды шет-елдерде тәжірибеден өткізу бастамасын көтеріп отыр. 

– Ұлттық палата жастарды кәсіп­керлікке баулу жөніндегі жұмыстарды қолға ала ма?

– Иә, мәселен, аймақтардағы кәсіп­керлік палатасы жанынан біз  МВА бизнес-мектептерді іске қостық.  Жас­тарымызды кәсіпкерлікке тартып, жаңа жобаларды құру үшін бес студенттік бизнес-инкубатор аштық. Сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді бизнес-сынақтан өткіземіз.

Соңғы кездері «Аймақаралық бизнес – ынтымақтастық»  сайтының (http://regtrade.kz) танымалдығы артып келеді, күн сайын сайтқа 50-ге дейін адам кіреді. Қарағандыда бизнесті алыстан басқару жөніндегі тренинг  сәтті өтті. Енді  осын­дай тренингті Астана, Ақтау және Павлодар қалаларында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. 

Мәдениет министрлігінің қолдауымен ел ішінде танымал болып үлгерген кә­сіпкерлікті жаңа бастағандарға ар­нал­ған қазақ және орыс тіліндегі «Ша­ғын бизнеске арналған 100 жоба»   анық­тамалығының 30 мыңнан астам да­насы барлық облыс  тұрғындарына та­ратылды. Осы анықтамалықтың арқа­сында көптеген  талапкерлер өз ісін бастап, бүгінде нәтижелі еңбек етіп, ел аймақтарында  жаңа жобаларды іске қосып үлгерді.

Болашақта кәсіпкерлікпен ай­на­лысамын деп талаптанған әрбір азамат анықтамалықты www.palata.kz және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің www.enbek.gov.kz ресми сайттарынан көшіріп алуға болады. 

Ұлттық палата аудан орталықтарында кәсіпкерлік мектебін ашуды жоспарлап отыр. Бұл шешім ауыл жастарын, әсі­ресе, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жұмыссыздарға үлкен септігі тиеді деген сенім бар. Жыл соңына дейін кәсіпкерлік мектебі еліміздің әрбір ауданында ашылады. Мұнда талапкер жастар кәсіп­керліктің қыр-сырын үйреніп, өз бизнесін аша алады.

Біз «Open Business university» (ашық университет) жобасын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Жаңа жоба ашқысы келетіндер интернет арқылы білім алып, үйренеді. Талапкерлер өздеріне қолайлы жерде және ыңғайлы уақытта оқып, дис­танциялық әдіспен ақпарат алады. 

Бизнес-оқуда ыңғайлы, оңай және талап ету үшін бірыңғай Интернет-алаң құру да жоспарымызда бар. Бастапқыда жоба ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналады. Кейінірек жұмысты одан әрі дамытып, интерактивті оқытуды кәсібін одан әрі дамытқысы, өз өнімін арттырғысы, басқару  тәсілін жетілдіре түскісі келетін  кәсіпкерлерге қарай бағыттап, жаңа деңгейге өтеміз.

Дерекнамасы: Айқын


Еншілес ұйымдар

Серіктестер