astana-view

БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАЙДЫ

2014 жылғы 21 Шілде
2298 просмотров

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес өзінің алғашқы отырысын өткізді. Онда құқық қорғау органдарында шешімін таппай жүрген мәселелер қаралды.

Кеңесті бұрынғы судья, заң ғылымдарының кандидаты Инесса Қуанова басқарады. Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Степан Зайтлер, облыстық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі Юрий Сахаров – осы кеңестің мүшелері.

– Біздің кеңес білікті және тәуелсіз орган болуы тиіс, себебі онда, бірнеше сатыдан, оның ішінде соттан өтіп, шешімін таппаған күрделі мәселелердің түйінін іздеуге тура келеді, – деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қалиев республикалық кеңесті белгілі қоғам қайраткері Ғани Қасымов басқаратындығын, онда кәсіпкерлердің 36 өтініші қаралып, оның 20-сы оң шешім тапқандығын баяндады.

Бірінші отырыста кеңес мүшелері “Кедр ДАГАЗ” ЖШС-нің директоры Светлана Тентекованың күні бүгінге дейін шешім таппай келе жатқан мәселесін қарады. Кәсіпкер “Батыр Мұнай СК” ЖШС-ге қатысты қылмыстық іс жүргізіп жатқан құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне шағымданады. Оның айтуынша, кәсіпорынның басшысы өзінің шарттық міндетін орындаудан бас тартып, соған орай құқық қорғау органдарына арыздануына тура келген. Алайда, соңғылар осы істі қарауды созбалаққа салған көрінеді.

– Жасалған шартқа сәйкес “Батыр Мұнай СК” ЖШС 2013 жылдың 30 қыркүйегіне дейін міндеттеме бойынша “Кедр ДАГАЗ” ЖШС-ге 47 мың теңгеден жалпы сомасы 55 млн. теңгенің 1170 тонна үшінші сұрыпты жұмсақ бидайын жеткізіп беруге тиіс болатын. Алайда, аталмыш серіктестік өз міндеттемесін көрсетілген мерзімде орындамаған. Сондықтан “Кедр ДАГАЗ” ЖШС-нің директоры Светлана Тентекова кәсіпорынның шарттық міндеттемесін орындамағандығы үшін қылмыстық іс қозғау туралы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның ішкі істер бөліміне арыз берген, – деді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Мұрат Жәкенов.

Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық ішкі істер бөлімі алғашында қылмыстық іс қозғап, кейін оны тоқтату жөнінде қаулы шығарған. Бірақ аудандық прокуратура оның күшін жойған. Бұл сағыздай созылған оқиға осындай бағытта екі рет өріс алып, бұрынғы сценарий бойынша облыстық деңгейде де қайталанған.

– Облыстық Ішкі істер департаментінің Тергеу басқармасының бастығы 2014 жылы 30 наурызда қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарған, ал мамыр айында облыстық прокуратура қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жойған, – деп сөзін жалғастырды сарапшы Мұрат Жәкенов.

Светлана Тентековаға берілген ақпарат бойынша “Батыр Мұнай СК” ЖШС-нің өкілдері оған деген бидайды өздері үшін шығынмен сатып алған. Кәсіпкердің пікірі бойынша, қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу әуре-сарсаңға салынып отыр, тергеу органдары тергеу барысы туралы хабардар етпейді, ал оның оң шешімін табуы және тергеудің жан-жақтылығы түптеп келгенде алаңдаушылық туғызады. “Батыр Мұнай СК” ЖШС-ден өтімді мүліктердің шығарылуына байланысты онда азаматтық-құқықтық тұрғыда істі қараудың қандайда бір болашағы жоқ.

– Болашақта қаржым қайтарылады дегенге сену қиын, өйткені, фирма екі жылдан бері жұмыс істемейтін көрінеді. Менің жалғыз ғана тілегім – бұл адамдар тым болмаса қылмыстық жауапкершілікке тартылса, – деді Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Инесса Қуанованың сауалына жауап берген Светлана Тентекова.

Отырысқа қатысқан тергеу басқармасының өкілі қаралып отырған мәселеде ешқандай қылмыстық-жазалау әрекеті жоқ, “Кедр ДАГАЗ” ЖШС мен “Батыр Мұнай СК” ЖШС арасында бұрын жасалған шарт міндеттемесін соңғысы орындады, сондықтан қалыптасқан мәселені азаматтық-құқықтық қатынастар жөніндегі сотта шешу керек деп ақталуға тырысты. Алайда, ол: “Бұл істе қылмыстық-жазалау әрекеті жоқ деген сенім қайдан пайда болды? Тергеу органының өкілдері алған қаржының қайда кеткенін неге тексермеген?” деген прокурордың сауалына жауап бере алмады. Прокурордың ұстанымын кеңес төрайымы да қолдады.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс прокуроры Степан Зайтлер осы істі тергеуді өзінің жеке бақылауына алып, барлық дәлелдер мен айғақтарды тексертетіндігін, қаржының қайда кеткендігіне аудиторлық тексеріс ұйымдастырылатындығын жеткізді.

Дерекнамасы: Солтүстік Қазақстан


Еншілес ұйымдар

Серіктестер