ҚАНДАЙ МАМАНҒА ЗӘРУСІЗ?
«Қазіргі таңда қазақстандық бизнес, әсіресе, орта буын мамандарына қатысты өткір тапшылық көруде» деп мәлімдеді кеше Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Осы мұқтаждықты өтеу үшін Білім және ғылым министрлігі отандық кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңғыртуға кіріскен болатын. Бұл ретте қоғамды, мысалы, Германияда бар «дуальды» білім беру жүйесінің Қазақстанда қалай және қашан «жерсініп» болатындығы қызықтырады. Дегенмен осы орайда арнайы жүргізілген талдау нәтижесі елімізде 17 нормативтік-құқықтық актінің дуальды білім беруді ендіруге әкімшілік кедергі қоятындығын көрсеткен.
Содан министрлік, кәсіпкерлер қауымдастығымен бірлесіп, осы құжаттарға өзгерістер енгізетін жобаны әзірлеп шығыпты. Бүгінгі таңда бұл түзетулерді ведомствоаралық комиссия бекіткен. Жақын уақытта жоба Үкіметтің қарауына тапсырылмақ. Осыдан кейін көп ұзамай барлық 17 нормативтік-құқықтық акті биылғы қыркүйек айына дейін өзгеріске түседі деп күтілуде.
Еліміздегі кәсіптік-техникалық білім беру және кадр даярлау жүйесінің дамуына тағы бір жоба оң ықпал етуге тиіс. Кеше «Дуальды білім беруді ендірудің жол картасының» тұсауы кесілді. Бұл құжат 11 басымдықты саланы қамтиды, бұлар – басқару, машина жасау, тау-кен металлургия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, экология, сервис, көлік, құрылыс, энергетика және коммуналдық шаруашылық секторлары. Оны жүзеге асырудың басы-қасында «Кәсіпқор» холдингі болмақ. Бұл іске, сондай-ақ Республикалық ғылыми-әдістемелік орталық та тартылуда.
«Жол картасын» әзірлеу барысында мамандар барлық өңірлердегі кәсіпорындарға сұрау салыпты. Олардан алынған мәліметтер бойынша әрбір облыс экономикасының басымдықты салалары анықталған екен. Бұл жерде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да ескерілген: оның аясында іске қосылатын зауыт-кәсіпорындарда қандай мамандарға зәруліктің барлығы және туындау мүмкіндігі сараланған. Нәтижесінде, басқаларына қарағанда, аталған 11 салада бизнестің кадрға деген мұқтаждығы үлкен екендігі анықталыпты.
Бүгінде осы салалардағы 400 кәсіпорыннан 83 мамандық бойынша 10 мыңнан астам маманға сұраныс түсті. Осы он мыңдық кәсіби-техникалық кадрды 2014-2016 жылдар аралығында дайындап шығу ісіне Білім және ғылым министрлігі 173 колледжді тартатын болады.
Кеше хабарланғанындай, маманға тапсырыс беретін кәсіпорындар мен оларды даярлайтын колледждер арасында екіжақты келісімдерге қол қою үдерісі басталып та кетіпті. Қезіргі кезде еліміз бойынша 100-ден астам келісім бекітілді. Бұл іске өңірлік кәсіпкерлер палатасы да мониторинг жүргізіп отырады.
– Біз бір жайтқа назар аудартқымыз келеді: осы қол қойылатын келісімдерде мамандарға тапсырыс беретін кәсіпорындардың ертең оларды міндетті түрде жұмысқа орналастыратындығы бірден жазып көрсетіледі, – деп хабарлады ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев. – Тапсырыс берген екенсің, оқып келген маманды жұмысқа алуға тиіссің. Бұл ретте сол маманды даярлау барысында кәсіпорынның өзі оқу процесіне белсенді қатысады: ол өндірістік-тәжірибелік жұмысқа қажетті алаңды ұсынады, шәкірт болса, оқу уақытының 60 пайызын сонда өткізеді.
Кәсіпорындар оқу кезінде өзінің болашақ мамандарына шағын шәкіртақы төлеу бойынша өз мойындарына міндеттеме алыпты. Бірақ ең бастысы, әрине, оның өз оқуын тамамдаған соң, сол компаниядан жұмыс табатындығына берілген кепілдік болса керек.
Дегенмен БҒМ мен ұлттық палата 10 мың кәсіби-техникалық кадрмен шектелмек емес. «Дуальды білім берудің жол картасының» тізімі, тиісінше, кәсіпорындардың тапсырысы алда арта береді деген сенім білдірілді. Өйткені 10 мыңдық тапсырыс тек 398 компаниядан түскен екен.
– Дуальды білім беру әлемде кәсіптік-техникалық маманды дайындаудың ең озық технологиясы деп танылып отыр, – дейді Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев. – Сондықтан осы технологияны өзімізде қолданып, дамыта бермекпіз. Осының алдында, 2 жыл бұрын «GIZ» халықаралық неміс қоғамымен бірлесіп, біздің министрлік дуальды оқытуды ендіру жүйесін сынап көруді көздейтін пилоттық жобаны қолға алынған болатын. Ол жоба Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарының колледждері мен кәсіпорындарын қамтыды. Мына жаңа, үлкен жобаға сол жобаны да кіргіздік. Енді бүкіл еліміз бойынша 173 колледж осы озық технологияны пайдаланып, 44 мыңнан астам шәкірт даярлайды.
Министрлік өкілі дуальды білім беруде жақсы қарқын және алғырлық көрсетіп отырған өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарын және Астана мен Алматы қалаларын атады.
Кәсіптік-техникалық мамандарды даярлауға да осылардағы колледждер қомақты үлес қосуда екен. Жалпы алғанда, жаңа мәліметтер бойынша республика көлемінде ендігі 2 мың 108 кәсіпорын бұл іске қолдау көрсетіп, өз өндіріс алаңдарын ұсынып отыр.
Дерекнамасы: Айқын
Пікір қалдыру:
Пікірлер: