astana-view

«Шағын бизнеске арналған 100 жоба» ауылдағы кәсіпкерлердің қолына тиді

2014 жылғы 01 Тамыз
2877 просмотров

«Шағын бизнеске арналған 100 жоба» кітабы ауыл-аймақтағы кәсіпкерлер үшін қолжетімді болды. Бұл мүмкіндікке Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ықпал етіп отыр.

Осыған орай Палатаның Қазалы ауданындағы филиалы орталық кітапханада аталмыш кітапты кәсіпкерлер мен кәсібін бастаймын деушілерге салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды облыстағы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер Палатасының Қазалы ауданындағы филиал директоры Ермек Аймаханов Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының, оның аудандағы филиалының атқаратын қызметтері жайлы  және ауданнан ашылған кәсіпкерлікті қолдау орталығының жұмысы жайлы ақпарат берді. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасымен Елімізде алғаш рет жарыққа шыққан «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» анықтамалық кітабының мазмұнымен таныстырды.  

«Кез келген  кәсіпкер үнемі ізденіс арқылы білімін шыңдап отыруы тиіс және бұл ретте аталған кітаптың кәсіпкерлер үшін маңыздылығы зор. Кәсібін бастаймын деген халыққа анықтамалықта дайын бизнес жоспарлар бар. Олар қолында бар қаржыға өз кәсібін икемдеп ашуларына болады. Ал біз жобаларға жетелеу, қолдау жұмыстарын көрсететін боламыз. Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасында бизнес жоспарды жасау тегін қызмет түрі болып табылатындығым жеткізгім келеді»,-деді филиал директоры Ермек Аймаханов.

«Шағын бизнеске арналған 100 жоба» кітабы орталық кітапханаға, ауылдық округ кітапханаларына, арнаулы мамандандырылған мекемелерге және жас кәсіпкерлерге салтанатты түрде табыс етілді. 

Айта кетейік, «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» кітабы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына жеткізіліп, барлық аудандық филиалдар мен оқу орындарына, бизнесмендер мен бизнесін бастауға ниетті халыққа тегін таратылған болатын.

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер