Алматы облысында коммуналдық базар ашылды
Алматы облысында жайма базарларды ретке келтіру жұмыстары басталды.
Ал Қызылағаш ауылында кәсіпкерлердің қолдауымен коммуналдық базар ашылды. Бұл – Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында жергілікті жерлердегі базарларды қазіргі заман талабына сай қылу тапсырмасына орай қолға алынған шара.
Қызылағашта коммуналдық базар салу мәселесі тасқыннан соң ауылды қалпына келтіру кезінде көтерілген. Енді, міне, арада 4 жыл өткенде кәсіпкерлер сол уәделерін орындады. Шағын базарда әзірше ет және жеміс-жидек пен азық-түлік сататын 2 жабық бөлім бар. Ал даладағы жайма базардың да төбесі жабылған. Кәсіпкерлер болашақта мал соятын цех пен зертхана және қойма ашуды жоспарлап отыр.
Ләззат Шыңғысбаева, Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Бұл – жұмыстың басы ғана. Әкімшілік жер берді. Енді кәсіпкерлерде талапқа сай қызмет көрсетуді өз міндеттеріне алады деп ойлаймын. Ал кәсіпкерлер палатасы оларға қолдау көрсетуге дайын.
Коммуналдық базардың ашылуы – ауылдағы кәсіпкерлер үшін үлкен пайда көзі. Шаруашылықтар өздері ала жаздай өсірген өнімдерін еш делдалсыз осы жерден сатады. Орынға да бір тиын төлемейді. Соған сәйкес нарықтағы бағадан мұндағы өнім бірнеше есе арзан. Ең бастысы, шаруалар бұрынғыдай өнім өткізу үшін қалаға сабылмайды.
Александр Квитко, шаруашылық басшысы:
- Мәселен, қалаға бір КамАЗ жүк апару үшін бір жағына 20 мың теңге төлейміз. Ал мына жерден жем-шөпті дайындап, үйдің жанынан сата береміз. Енді базардың ішіне контейнерден қойма қойсақ деген ойымыз бар.
Болашақта кәсіпкерлер 300 орындық мейрамхана салуды жоспарлап отыр. Ауылдың жанынан жол салуға қажет құм карьері ашылмақ.
Сәуле Әмитова, Қызылағаш ауылының әкімі:
- Келесі жылы құрылыс материалдарын алатын бір карьер ашайық деп отырмыз. 2016 жылы ауылдан 3-4 шақырым жерде Алматы-Өскемен жолы өтеді. Осыған орай 30-40 адам тағы жұмысқа тұрады.
Қызылағаш су қоймасы бұзылғаннан бері егін салуға су тапшы. Сондықтан ауыл тұрғындарының көбі мал басын көбейтті. Ол үшін «Бизнестің жол картасы » мемлекеттік бағдарламасы бойынша тек былтыр 32 млн. теңге несие алған. Нәтижесінде ауылда қазір 45 мың қой, 7 мыңға жуық сиыр болса, жылқының саны 2 мыңға жетті. Дегенмен, ауыл тұрғындары су қоймасының тезірек қалпына келтірілуін күтіп жүр.
Дерекнамасы: 24KZ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: