astana-view

Баспасөзбен таңғы ас

2015 жылғы 03 Маусым
10142 просмотров

ЕАЭО: алғашқы жетістіктер мен жеңілістер

Қазақстанның Ресеймен тауар айналымы 30 пайызға түсіп қалды

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары қазақстандық бизнес үшін еуразиялық интеграцияның аралық қорытындысы бойынша жағдайды жайып салды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған журналистерге арналған дәстүрлі баспасөз таңғы асын экономикалық интеграция департаменті директорының орынбасары Асқар Қысықов ашты. Ол интеграция процесінде қазақстандық бизнеске сыртқы факторлардың тигізетін әсері туралы деректер келтірді.

«2015 жылдың бірінші тоқсанында Ресеймен тауар айналымының құлдырауы шамамен 30% құраған, бұл сондай-ақ еуропалық санкцияларға байланысты. 2014 жылы күллі ЕАЭО бойынша тауар айналымының түсуі байқалады. Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен арадағы тауар айналымының көрсеткіштері қазір 2010 жылмен салыстырғанда тіпті төменірек. Беларусьқа экспорт екі есеге түскен», - деді ол.

Мұндай статистикаға негізгі себеп деп Асқар Қысықов іскерлік белсенділіктің төмендеуі мен рубль бағамының түсуін атап отыр.

Журналистермен әңгіме барысында Ресей және Еуропа елдері арасындағы өзара санкциялар мәселесі де сөз болды. Бұл ықпалшара әлі де өзекті және қазастандық бизнесті айналып өтпесі анық. ҚР ҰКП техникалық реттеу департаментінің директоры Сергей Радаев осы тақырыпты егжей-тегжейлі тарқатты. Ол егер Қазақстан тіпті формалды түрде санкциялық қарсылыққа қатыспаса да, Ресей арқылы Қазақстанға әкелінетін кейбір импорттық тауарлардың сонда бөгелетінін, көптеген тексерістерге ұшырайтынын, осыдан келіп жарамсыз болып қалатынын атап өтті.

Сондықтан да кейбір шетелдік тауарлар Қазақстанда дүкен сөрелерінен жоғалып кетті, ал кейбірі, мысалға, Финляндиядан келетін ет-сүт өнімдері, Польшадан, Голландиядан келетін жеміс-көкөністер және басқалары тапшылықта.

«Санкциялар біз үшін игі іс болар деп ойлаған едік. Экзотикалық жемістерге қатысы жоқ өнімді, мысалы, ет-сүт өнімінің орнын толтырамыз деп есептедік. Бірақ бұл жерде басқа да факторлар роль ойнап отыр – атап айтқанда, рубль бағамының төмендігі. Ақырында біздің өнім өз нарығымызда Ресейден келетін біршама арзан өніммен бәсекеге түсіп жатыр. Мұнда түйткіл жеткілікті – бұл Ресей Федерациясының жауап шаралары, және де рубль бағамының төмендігі. Транзиттік жағдайдың тәуелділігі салдарынан біз де зардап шегіп жатырмыз», - деді Сергей Радаев.

Сарапшы сонымен бірге қазір жағдайдың түзеліп келе жатқанын, және де Ресей валютасының тұрақтануына әрі инфляцияның көтерілуіне қарай нарықтың жанданып келе жатқанын айтуға асықты.

Сергей Радаев аудитория назарын ЕАЭО аясындағы техникалық реттеу сияқты интеграция құрамдасына аударды.

«Екі ел арасында кедендік кедергілер жоқ болғандықтан, енді бәсекелестіктің басты құралы техникалық нормалау болып табылады. Барлығына бірдей нормативтік құжатқа кімде-кім қандай да бір бәсекелестік басымдылықты негіз етер болса, басқалармен тең жағдайда сол елінің өнімінің басымдылыққа ие болуына қол жеткізеді. Біздің серіктестер осыны белсенді түрде пайдалануда», - деді ол.

«Мұндай әрекеттерді «адал ниеттен» деп атауға аузымыз бармайды. Мұның қалай орын алып жатқанын түсіндіріп өтейін. Біздің техникалық реттеу жүйеміз о бастан импортқа тәуелді өз экономикамыздың қажеттіліктеріне бағытталған. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына барар жолдағы кедергілерді алып тастау қағидаттарын басшылыққа ала отырып, өзіміздің реттеуге өнім қауіпсіздігіне барынша төмен талаптарды негіз еттік. Осылайша ешқандай да кедергіні дұрыстамадық… Енді біз өз өнімдерін шығаратын күшті ойыншылармен интеграциялық бірлестіктерге кіріп отырмыз. Олар сыртқы бәсекелестерден нормалау арқылы қорғанады: өнімге қатаң талаптар қояды. Қазіргі қалып отырған жағдайымызда Ресейдің өз өндірушілер нарығы бар, өз нарығын қорғайды, ал Қазақстан барлық салалар бойынша өндірістің төмен сегментіне ие әрі мұнда реттеушілер де аз», - деп атады сарапшы.

Сергей Радаев Ресейде ғылыми әлеует, сынақ базасы мен білікті кадрлар бола тұрып, күллі нормативтік базаның 87%-н – ЕАЭО аясындағы 50 техникалық реттемені өз мойнына алғанын атады.

«Олар өздерінде бар өндірушілерге орай саясат құрады және, сәйкесінше, реттеу негіздерін қалайды. Біз бұл процесте бірден артта қалдық. Осыған дейін ЕурАзЭҚ-тың іске аспай қалғанын көрдік, осы жолғы бірлестік те солай өтіп кетеді деп ойладық. Ал сосын есімізді жиғанда қарасақ, барлығы бәрін реттеп қойған, біз өнімімізді алып келсек, бізге: «Кешіріңіздер, сіздің өнім сәйкестікті растаудан өте алмайды, оған сертификат берілмейді», - дейді. Яғни біз қақпанға түсіп қалдық», - деп мәлімдеді ол.

Ұлттық палата техникалық реттеу департаментінің директоры сонымен бірге ҰКП құрылуымен жағдайдың жақсы жағына өзгергенін  баса көрсетті.

«Қазір былай деп жүр: «Міне, бизнес дауысы, ал бизнес – қарсы». Бұл да солай. Кейбір елеулі әсерін тигізетін реттемелерді жай ғана тоқтатып тастадық. Серіктестер мұның бізде Заңмен бекітілгенін, және де негізді күмәндар туындаған жағдайда бұл туралы мәлімдеме жасай алатынымызды түсінген кезде, бізбен санаса бастады», - деп баса көрсетті сарапшы.

Сергей Радаев сонымен қатар бизнесмендердің ЕАЭО аясында Қазақстанда енгізіліп жатқан өзгертулер жайынан хабарсыздығын атап өтті және барлық қазақстандықтарға сөзін жолдады.

«Еліміздің барлық азаматтары – аталмыш реттеу процесіне қатысушылар… Барлық ресурстар ашық, қолжетімді, және де әркім өз сауаттылығын өзі көтеруге тиіс. Сондықтан да, бірдеңе алғыларыңыз келсе, бизнес ашпақшы болсаңыздар, сауда операцияларымен айналысқыңыз келсе, құқықтық алаңды зерттеп білу керек», - деп есептейді сарапшы.

Жалпы, Қазақстанның ЕАЭО-ға кіруін сарапшылар «сынақ, және де қазақстандық кәсіпкерлер үшін игі іс» деп атап отыр.

«Қазір Ұлттық экономика министрлігімен белсенді түрде әрекеттестіктеміз. Бірақ бәрін бірден істеп тастай алмаймыз. Біздің интеграциялық бірлестікке үлгі ретінде алынған Еуропалық одақта бұл процестер онжылдықтар бойы жүрген. Ал өнімдер айналуын бірыңғай белгімен таңбалайтын техникалық реттемелерді 2 жыл ішінде жасап шықтық – ол ЕО-да 30 жыл бойы дайындалған еді. Біз тым жылдам қозғалып кеттік», - деп жалғады сөзін Сергей Радаев.

ҚР ҰКП кедендік әкімшілік ету департаментінің директоры Әлихан Мамбеталин Қазақстанда кеден қызметінің дамуы жайлы айтып берді.

«Бізді қазірде толғандырып отырған негізгі мәселе – бұл «бірыңғай терезені» енгізу. Қазақстанда бұл мәселенің «тізесі шығып кетті» - кедендік жүйені автоматтандыруға талпынғанымызға көп болды. Астана экономикалық форумында Дүниежүзілік кеден ұйымынан келген сарапшылар сөз алды. Олар кеден қызметінің дамуын шартты түрде үш сатыға бөледі. Алдымен кеден өз қажетіне ақпараттық жүйелерді құрады – бұл Қазақстанда осы жылдар бойында орын алған дүние. Яғни олар өздерінің жеке процестерін автоматтандырды. Екінші саты – бұл үкіметке арналған кеден, яғни үкімет тапсыратын кейбір функцияларды орындайды. Біздің кеден қызметі қазір осы кезеңде деп бағалаймыз. Кеден қызметі дамуының үшінші фазасы – бұл қоғамға, бизнеске арналған кеден – осыған талпынып жүрміз. Ұлттық палатаның кедендік әкімшілік ету тұрғысындағы стратегиясы кеден қызметінің фискалдық, тіпті қазір орын алып отырғандай жазалау емес, бизнеске қатысты сервистік қызметтер көрсетуіне бағытталған», - деп хабарлады ол.

Алтынай Жұмжұмина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер