astana-view

«ALTYN OIMAQ» қатысушылары: Жанетта Мұхтарбекова мен Анастасия Магометова

2019 жылғы 13 Мамыр
3028 просмотров

 Жанетта мен Анастасия – жақын құрбы әрі серіктес. Қос құрбы қолданбалы өнердегі этно-декор мен Шығыс мәдениетіне деген ортақ сүйіспеншіліктің нәтижесі ретінде Шымкенттегі Aiza Studio (Инстаграм: @aizastudio) этно-декор шығармашылық шеберханасын ашты

«Қолыңмен жасалған заттың берер әсерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, ал еткен еңбегіңнің керемет сезім сыйлауы үшін өз ісіңе, ең алдымен өзің ғашық болуың керек!  Сол себептен де біз жұмыс барысында барлық сезімді бастан өткереміз, тіпті, соңында жасаған затымызды қимай қалатын кездер де болады», – дейді Жанетта.

Дизайнер қыздарға елге, халыққа, өз істеріне деген махаббат алға ұмтылуға күш береді.

«Әрине, ең алдымен бізді салт-дәстүріміз, ұлттық қолөнеріміз, қолданбалы өнер туындылары шабыттандырады. Басты мақсатымыз – ата-бабаларымыздан ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан дәстүріміз бен мәдениетімізді заманауи келбет бере отырып, келешек буынға жеткізу», – дейді Анастасия.

Жанетта мен Анастасия өнерінің ерекшелігі – олар сән үшін ғана емес, сондай-ақ күнделікті тұрмыста да қолдануға ыңғайлы. Әрқайсысы бірегей, авторлық туындылар, көшірмесі жоқ.

«Жұмысымызда қызықты сәттер көп. Көбіне тапсырыс орындалып, клиент пікірін күтіп отырғанымызда қобалжитын кездер болады. Өйткені тапсырыс берушінің көңілін 100% дөп басып табу мүмкін емес. Өміріміз жұмыста өтеді десек те болады, студиямызға келген адамдармен араласамыз, кейде шетелдік қонақтар да келеді. Демалысымызда да жұмыстың жайын ойлап кетеміз, достарымызбен табиғат аясына шыға қалсақ, өнімдерімізге фотосессия жасап жібереміз. Біздің сыншымыз да, тілектесіміз де жақындарымыз бен достарымыз. Олардың айтқан пікірлеріне әрдайым мән беріп отырамыз», – деп бөлісті дизайнерлер.    

Олардың пікрінше, кәсіптегі басты мәселелер – нарыққа шығу мен жарнама қызметінің қымбаттығы. Сауда орталықтарындағы көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысу дизайнерлер үшін арзанға соқпайды.

«Өнімдеріміздің бағасының базардағы заттан қымбат болуы сатып алушыларды шошытып жатады, бірақ көз майын тауыса қолмен жасалған авторлық, сапалы, дизайнерлік заттың бағасы базардағы сапасыз қытай тауарының  бағасымен бірдей бола алмайды. Сондықтан алдымыздағы мәселелердің екі негізгісін: өнімді нарыққа өткізу және брендтің популяризациясын айтамыз. Осы екеуі бойынша мемлекет тарапынан қолдау болса деген қолқамыз бар», – дейді жас шеберлер.  

Импортты отандық тауармен алмастыру үшін сауда орындарындағы жалға алудың өте қымбаттығы кедергі, сондай-ақ кәсіпкерлерге фабрикаларын ашу үшін лизинг, салық көлемін азайту, мемлекеттен гранттар қажет.

«ALTYN OIMAQ» байқауына қатысу арқылы өзімізді танытсақ деген ойымыз бар. Өнімімізді халыққа паш етіп, көрпелердің де түрлі-түрлі болатынын көрсетіп, брендке айналсақ дейміз. Сондай-ақ серіктестер мен корпоративті клиенттер табу мүмкіндігін байқап көрмекпіз», – дейді қос құрбы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер