astana-view

«ALTYN OIMAQ» қатысушылары: Шахиста Мұхамеджанова және «АLTEZZA» бренді

2019 жылғы 15 Мамыр
2607 просмотров

Тараз қаласының тұрғыны Шахиста Мұхамеджанова мамандығы бойынша қаржыгер, екінші алған жоғары білімі – заңгерлік. Шахиста еңбек жолын   құрылыс саласынан бастаған, әлі де осы салада жұмыс істейді

«Полиэтиленді құбырлар өндірісі, байланыс желілерінің құрылысы, бұл, әрине, әйел адамның ісі емес. Бірақ 2014 жылы жеңіл өнеркәсіп  саласында бақ сынап көрейін деген ой келді. Осылайша 2014 жылдан бастап  «Altezza» брендінің тарихы басталды», – деп бөлісті Шахиста Мұхамеджанова.

Іскер қыз Шахиста Мұхамеджанова бұл саланың қыр-сырын жетік білместен тігін бизнесін ашуға шешім қабылдаған. Жай ғана кішігірім емес, үлкен өндіріс. Ғимарат, тігін машиналары, жұмысшылар, Түркиядан әкелінген маталар мен фурнитура. Сонымен қатар джинсалық өнімдерді де жасауға жоспар жасалды.

«Сол уақытта бірқатар мәселемен бетпе-бет кездестім. Біріншісі, өңірімізде қажетті мамандар тапшы. Мен киім пішуші, технолог таппай қиналдым. Екінші мәселе, нарықты мүлдем білмеуімнен болды. Тұтынушының сұранысын, не қалайтынын еш білместен, ойланбастан ашылдық. Салған ақшам күйіп кетті. Нәтижесінде шектеулі өндірістегі әйелдер киімін жасайтын болып шештім», – дейді кәсіпкер.

Дизайнердің айтуынша, ең үлкен мәселе – бізде өз шикізатымыздың болмауында, қажетімізді Қытайдан, Өзбекстаннан, Түркиядан немесе Бішкектен жеткізіледі.

«ALTYN OIMAQ» байқауына қатысуға мені шабыттандырған – бизнес идея. Өйткені мен бұл салаға дизайнер есебінде емес, өндірісші ретінде келдім. Мені байқаудағы осы идея киім дизайнері емес, масс-маркетке арналған киім шығаратын кәсіпкер ретінде тартты.  Осы жолда дамысам, өссем деймін», – дейді Шахиста.

«Қағидам – өмірді жауапкершілікпен сүру. Әр адам өз өміріне өзі жауапты. Не ексең, соны орасың. – деп бөлісті дизайнер. – Алдыма қойған мақсаттарым  көп. Соның бірі – қазақстандық масс-маркетке шығу».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер