astana-view

 «Altyn Oimaq» байқауының финалына қазақстандық 7 дизайнер өтті

2019 жылғы 25 Маусым
6178 просмотров

Байқау 2019 жылдың 4 наурызында басталды. Осы кезден бастап екі ай бойы ұйымдастырушылар еліміздің 13 өңірінде кездесулер өткізіп, 19 өндірістің жұмысымен танысты. Өңірлік кездесулерге 650-ге жуық дизайнер қатысты. 15 мамырда байқауға өтінім жіберудің бірінші кезеңі аяқталды.

- Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша Комиссия мүшелері 7 үміткерді іріктеп алды, олардың есімдері «Altyn Oimaq» сайтында жарияланды. Ең көп қойылатын сұрақтарға алдын ала айтарымыз, бірінші кезеңнің соңына дейін біз қатысушылардың жұмыстарын жарияламаймыз. Бұл біріншіден, авторлық құқықты сақтау мақсатында. Екіншіден, бірінші және екінші кезеңде қатысатын үміткерлерге тең жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында.  Бірінші кезең ресми қорытындыланғаннан кейін ғана барлық үміткердің жұмыстарын жариялауға құқымыз болады, - деп мәлімдеді «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры» ҚҚ директоры Адиля Түгел.

Жеңіл өнеркәсіп, дизайн, қолөнершілік, ою-өрнек және т.б салалардағы сарапшылардан құралған Комиссия 187 өтінімді сараптап, ауқымды жұмыс атқарды.

- Іскерлік және балалар киімі аталымдарында таңдау жасау келіп түскен өтінімдердің көптігінен оңай болған жоқ. Дегенмен, Комиссия мүшелері байқау ережелерінде бекітілген критерийлер бойынша: коммерциялық перспективті, дизайн бірегейлігі және аталымға сай болуын ескере отырып, өз дауыстарын берді. Мысалы, аталымдардың ешқайсысына сәйкес келмейтін, бірақ өте керемет жасалған жұмыстар болды. Бұл қатысушылар өз қателіктерімен жұмыс жасай отырып, байқаудың екінші кезеңінде қайтадан бақ сынап көреді деп үміттенеміз, - деп атап өтті Адиля Түгел.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінен өкіл Жұмагүл Сарыева Комиссия мүшелерінің бірі.

- Министрлік байқаудың алты аталымының біреуіне ерекше назар аударып отыр - «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны», өйткені ұлттық нақыштағы іскерлік киім Министрлік қызметкерлерінің күнделікті киетін қиімі болу тиіс. Ұлттық мейрамдарда Министрлік шетелдік делегацияларды шақырып, ауқымды іс-шаралар өткізеді. Ал олар, бірінші кезекте, дипломаттардың сырт келбеттеріне мән береді, - дейді СІМ Әкімшілік қызмет және басқару департаментінің директоры Жұмагүл Сарыева.

Байқауға өтінім қабылдаудың екінші кезеңі 10 маусымнан 15 қыркүйекке дейін жалғасады.

- «Altyn Oimaq» байқауы мені несімен тартты?  Бұл жерде тек жеңімпаздарды іріктеу ғана емес, сондай-ақ барлық қатысушыға арналған шаралар – тренингтер, ою-өрнектер туралы дәрістер, шеберлік сабақтары өткізіледі. Ұйымдастырушылар шараларды өткізіп қана қоймай, байқауға қатысушылардың деңгейлерін арттыруды да ойластырған, - дейді Комиссия мүшесі, дизайнер, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова.

Ең көп өтінім екі аталым бойынша түскен – «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны» және «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген аксессуардың үздік дизайны» - 54 өтінімнен.

- Байқауда көбісі киімде ою-өрнек нақышы болса болды, ұлттық киімге айналады деп қабылдаған. Алайда этно киімде ою-өрнектің болуы міндетті емес. Жалпы бағалауға тұрарлық жұмыстар болды, бірақ үміткерлердің жобаға жеңіл қарағандары байқалады, - дейді Комиссия мүшесі, «Қазақ оюлары» кітабының авторы Ерлан Қожабаев.

Байқаудың бірінші кезеңінде «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген аксессуардың үздік дизайны» аталымы бойынша бірден екі дизайнер жеңімпаз атанды - «AV» брендімен Әлия Жамантаева мен Гүлмира Терлікбаева.

Көзілдіріктердің Қазақстандағы жалғыз дизайнері Әлия Жамантаева алғашқы топтамасын 2015 жылы шығарды. Бренд Instagram және дизайнерлік дүкендер арқылы танымал болды.

- «Altyn Oimaq» киім дизайнерлерінің ұлттық байқауына сілтемені маған достарым жіберді, мен бақ сынап көруге бекіндім. Байқауға көзілдіріктерімді, оның ішінде ұлттық нақышпен көмкерілген «Қошқарлар» топтамасын жібердім. 2015 жылдағы алғашқы топтамам өте жақсы бағаланды: 300-ге жуық данасы жарты жылдың ішінде сатылып кетті. Енді осы топтаманы - жиектеме түсін өзгертіп, жалпақ беттілерге ыңғайлап, өрнектерін айқындап қайталау мақсатым, - дейді Әлия Валерьевна.

- Мен қаржыгер мансабынан ерікті түрде бас тартып, ұмытылып бара жатқан  қолөнер түрі – құрақ құрауды дамытуға шештім. Болашақ ісіме бар жауапкершілікпен келіп, басынан-аяғына дейін түгел зерттей бастадым. Бас есепші қызметінен кетіп, тігін машиналарын сатуға көштім. Студиямды ашқанға дейін дамудың барлық сатысынан өттім, - дейді Гүлмира Терлікбаева. 

Спорт киімі бойынша аталымда  «MARITO-SPORT» брендімен Маргарита Минигулова іріктеуден өтті.

- Бұл брендті отбасымның қолдауымен жасадым. Спорт киімі – мен үшін өте қызықты, тіпті кейде басы бүтін беріліп кетемін. Идеялар кез келген жерде, кез келген уақытта келе береді, түсімде де көремін. «Неге спорт киімі?» десеңіз, бұны игілікті іс деп ойлаймын. Маған спортшылар шабыт береді. Олар – мықты, батыл, адал, біріктіруші күш, әрқашан позитивті көңіл-күйде жүреді. Менің компаниямның ұстанымы: «Спорт рухты шынықтырады», - дейді Маргарита.  

«Үйге арналған текстиль» аталымында байқау финалына  Евгения Жандарбаева өтті.

- «Altyn Oimaq» дизайнерлер байқауы туралы кездейсоқ білдім. Досымның әлеуметтік желіде мен жайлы жазған жазбасындағы пікірлерде байқауға қатысу туралы кеңес беріліпті. Мен «Неге байқап көрмеске?» деп шештім. Байқауға қатысуға өтінімде бірнеше киім үлгісі мен үй текстилін ұсындым. Олардың барлығы ілмектеп тігу және тығыз кестелеу сияқты әртүрлі техникада компьютерлік кестелеу арқылы безендірілген. Кестелердің барлық дизайнын бағдарлама арқылы өзім жасап, салдым, - деп бөлісті Евгения Жандарбаева.

Әйгерім Мұратқызы «Altyn Oimaq» байқауының ең жас қатысушысы – 10 жаста. Өтінімді анасы Айнагүл Мазинова берген. Идеяны түгел Әйгерім ойлап табады, ал Айнагүл киімдерді қызының эскиздері бойынша тігеді.

- Қазақстан нарығында Қытай, Түркия, Италия және басқа да елдердің киімдері өте көп. Біз киімді ұлттық нақышта тігеміз. Иә, бағасы жай киімдерден қымбат, алайда топтаманың 80% сатылып кетті. Біздің мақсатымыз – республика бойынша үлкен нарыққа шығу. «Altyn Oimaq» байқауына үмітіміз мол. Қазір бірнеше топтама жасап жатырмыз, - дейді «Ai Kerim style and design» директоры Айнагүл Мазинова.

Мектеп оқушысы Айбибі Әбуова «Cпорт аяқ киімінің үздік кастом дизайны» аталымы бойынша байқаудың финалына өтті. Жас дизайнер жұмыстарының ерекшелігі – фантазия.

- «Altyn Oimaq» байқауы туралы мен үйірме жетекшімнен білдім. Алдағы емтихандарыма қарамастан қатыстым. Идеяма үйірме жетекшімнің қосқан үлесі бар. Сондықтан жетекшіме сынаққа қатысуға мүмкіндік беріп, жұмыс кезінде көмек көрсеткені үшін үлкен алғысымды білдіремін. Арманым – бақытты өмір сүру. Мақсатым – қолымнан келсе, зерттеулерім арқылы биопластик өндіру және болашақта танымал дизайнер болу. Әлі алда не боларын, қандай мамандық таңдайтынымды білмеймін. Алайда болашақта ғылым мен дизайнды бір-бірімен байланыстыру туралы ойым бар, - деп бөлісті Айбибі Әбуова.

Алматылық Эльмира Битуреева «Іскерлік киім» аталымы бойынша өтінім берген. Ол Куала-Лумпурдағы (Малайзия) оқуын «Киім дизайнері» мамандығы бойынша бітірді.

- Маған киім де, аксессуар да ұнайды. Қазақстанда дизайнер ретінде жолымды енді бастадым. Идеяларды өзім ойлап тауып, үйде тігемін. Өз ісімді ашып, кең ауқымда киімдер шығаруды армандаймын, - деп бөлісті жас дизайнер Эльмира Битуреева. 

Байқаудың жеңімпаздары –  1 000 000 теңгеден алатын 6 адам 2019 жылы желтоқсан айында белгілі болады.

Еске сала кетейік, «Қазақстан халық банкі» АҚ-ның қолдауымен «Altyn Oimaq» киім дизайнерлерінің ұлттық байқауының ұйымдастырушылары – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры» ҚҚ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер