astana-view

Жаңа Салық кодексі қабылданатын мерзім белгілі болды

2016 жылғы 19 Қыркүйек
8312 просмотров

Заң қабылданған соң кейбір салықтық жеңілдіктердің күші жойылады деп күтіліп отыр

2018 жылы жаңа Салықтық кодекс қабылданады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында Қазақстанның ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев айтты. «Салықтық саясаттағы басты мақсатымыз – көлеңкелі айналымның деңгейін азайту және жанама салықтарды, оның ішінде Қосымша құн салығын өндіріп алу тетіктерін жетілдіру арқылы инвестициялардың келуін ынталандыру, тиімсіз жеңілдіктерді болдырмау, сондай-ақ, арнайы салықтық тәртіптерді реформалау», – деді министр.

Сонымен бірге, Қуандық Бишімбаев «жүйені реформалау және әкімшілік етуді жақсарту жөніндегі жұмыс» туралы айтып берді. Ұлттық экономика министрлігінде бұл «бюджет табысын арттыруға мүмкіндік береді» деп санайды. «Әлемдік тәжірибеде салықтар көлемін арттырудың бірқатар мысалдары бар. Олар салықтық түсімдерді 30-40%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл орайда мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады», – деп қосты Қуандық Бишімбаев.

Үкіметтік сағат барысында Мәжіліс депутаттары министрлік басшыларына «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау алған компаниялар арасындағы жоғары тәртіптің жоқтығы туралы айтты. «Өндірісті дамыту үшін жеңілдікпен несие алып, жеке кіріс салығын төлемей, жұмыс орындарын құрмаған кәсіпкерлік субъектілері анықталды, - деп хабарлады өзінің қосымша баяндамасында Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму жөніндегі комитет төрағасы Нұртай Сабильянов. – Қайта өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындар өз өндірісін жұмыс орындарынсыз  қалай дамытатыны түсініксіз болып отыр».

Депутаттар Қуандық Бишімбаевтан мемлекеттен субсидияны өндірушілермен қатар өндірістік емес сала, яғни көтерме-бөлшектеп сату және тағы басқа кәсіпорындардың да алуына қатысты пікір білдіруін сұрады.

«Бизнестің жол картасының» өзі ауқымды қолдауды қамтиды, яғни, ол қандай да бір салаларға басымдық бермейді. Тек субсидиялау саласынан алып тасталған белгілі бір сегменттер ғана бар. Бұл акцизделетін тауарлар айналымымен байланысты», – деді министр.

Қуандық Бишімбаев өндірістік емес сала, «әсіресе, 2015-2016 жылдары орын алған барлық ауытқуларға байланысты (валюта нарығындағы – авт.) анағұрлым құлдырай түскенін» де атап өтті. «Бәлкім, ол үшін қазіргі жағдайда даму қиын болған шығар. Бірақ, мұнымен қатар өндірістік сектор мен өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін, оның ішінде, республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 2014-2016 жылдары 300 млрд-тан астам қаржы бөлінген», – деді ұлттық экономика министрі.

Қуандық Бишімбаевтың ақпараты бойынша 2016 жылы «барлық көздер арқылы қолдау есебінен мемлекеттік бюджеттен бөлінген қолдау мөлшері шамамен 535 млрд теңгеге тең болған».

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер