astana-view

Нұржан Әлтаев: «Экономикадағы қолдампаздық – қалыпты құбылыс»

2016 жылғы 18 Қараша
10486 просмотров

«Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілердің II Форумында ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары бизнесті дамытуға қажет үш аспект: ішкі сауда, сыртқы нарық және мемлекеттік сатып алулар туралы ой қозғады 

Сөз басында, Нұржан Әлтаев форумның өткен жылғы жұмысы жайлы есеп берді. Оның айтуынша, Ұлттық палата СТ-KZ сертификаттарын тексеру бойынша көптеген жұмыстар атқарылған. ҰКП жүргізген тексеру нәтижелеріне сәйкес, келіп түскен 200 өтініштің ішінен 23 сертификат қайтарып алынып, 49 сертификат өз еркімен жоққа шығарылған. Сондай-ақ, 33 сертификаттың қолдану мерзімі өткен деп танылған. Қазіргі таңда СТ-КZ сертификттарын беру процедураларын айқындау және оларды электронды форматқа өткізу мәселелері қаралып жатқан көрінеді. Бұл, өз кезегінде, сертификаттарды алу ісін жеңілдетіп қана қоймай, процесті ашық етуге ықпал етпек. 

Сонымен қатар, Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, индустриалды сертификатты енгізу  мәселесі де жақын арада өз шешімін таппақ. Осылайша, бүгінгі күні, Ұлттық экономика министрлігі мен Әділет министрлігінің ұсынысымен индустриалды сертификатты беру және оны қайтарып алу қызметін ҰКП-ға жүктеу жөніндегі нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізу жұмысы қолға алынған. «Менің ойымша, 2017 жылдан бастап индустриалды  сертификат толығымен өз күшіне енетін болады», – деді ол.

Мемлекеттік сатып алуларға қатысты сөз қазғаған Әлтаев, Ұлттық палата Қор топтарындағы барлық сатып алулардың 92%-ын құрайтын «Самұрық-Қазынаның» 8 ірі еншілес мекемелерімен ынтымақтастық туралы қол қойғанын мәлімдеді. «2014 жылдың тамыз айынан 2016 жылдың қараша айына дейін, ҰКП мен Қор ынтымақтастығы аясында, жалпы сомасы 500 млрд теңгені құрайтын 1541 ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылды. Жалпы қолданыстағы ұзақ мерзімді келісімшарттар – 4919. Олардың жалпы құны 8,2 трлн теңгені (тауарлар 24%, атқарылатын жұмыс 54%, қызметтер 22%) құрап отыр.  Оның ішінде, отандық тауар өндірушілермен жалпы құны 1,2 трлн теңгені құрайтын 2058 келісімшартқа қол қойылған», – деді ол.

«Қазіргі таңда біз әлемде экономикадағы қолдампаздық және инклюзивтілік тенденциялардың басым болып отырғанының куәсі болып отырмыз.  Оған жарқын мысал ретінде – Трамптың жеңісін айтуымызға болады. Оның сайлауалды бағдарламасында тікелей қолдау көрсету шаралары арқылы жергілікті өндірісті қорғау ұрандары тұрған еді. Нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктің артуына байланысты, жалпы, жаһандық экономикадағы қолдампаздықтың көрініс табуы орынды деп ойлаймын. Бізге де бұл жөнінде ой қозғап, осы бағытқа қарай бет бұру қажет», – деп атап өтті Әлтаев.

Бұл ретте, ҰКП Басқарма төрағасының орынбсары Дүниежүзілік сауда ұйымы мәліметтерінен мысал келтірді. Оған сәйкес, ДСҰ мүшелері (G20- үлкен жиырмалық елдері) тек өткен жылдың ішінде ғана, сауда-саттыққа шектеу қоятын 154 жаңа шара бекіткен. Бұл дегеніміз айына 22 шара қолға алынды деген сөз. «Мұндай жағдайда, біз өнім шығаратын сектордың әлсіздігін ескере келе, отандық өндірісті ынталандыру және оған қолдау көрсету бойынша жүйелі іс-әрекеттердің нақты стратегиясы қажет деп ойлаймыз. Бұл тұста, сату нарығы мен сауатты ынталандыру маңызды рөл атқарып отыр. Осы баяндамамды оқу барысында, мен үш негізгі аспект: ішкі сауда, сыртқы нарық және мемлекеттік сатып алулар жүйесіне тоқталғым келіп отыр», – деді ол.

«ҮИИБМБ (Үдемелі индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарлама) арқасында Қазақстанда өндіріс орындары ашыла бастады. Шетелдік тауар өндірушілермен бәсекеге түсіп, біз мақтан ете алатын тауарлар пайда болды. Өкінішке қарай, қазір баршамыздың назарымыз тек өндіріске ауғанын көріп отырмыз. Бұдан бөлек, біз осы шығарылған өнімдерді ішкі және сыртқы нарыққа, экспортқа шығара алатын жолдар да таба білуіміз керек. Осыдан бір ай бұрын ғана, біз осы мәселені Премьер-Министр алдында көтердік. Біз елімізге сауданы дамытудың жаңа салалық бағдарламасы қажет екендігін айттық», – деді Әлтаев.

Қазақстандық өнімді сыртқы нарыққа шығару жөнінде сөз қозғаған ҰКП өкілі, қазір Қазақстанда жүйелі ішкі сауда саясатын жасау қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді. Бұл ретте, ол жергілікті тауар өндірушіні қолдап, экспортты ынталандыруды мақсат ету керек деді. «Бізде күрмеуі шешілмеген мәселелер көп. Дәлірек айтсақ, әзірге экономикалық интеграциялауда нақты нәтижелерге қол жеткізе алмай отырмыз. Бизнес ЕАЭО жағдайларына тиімді түрде бейімделе алмады. Бизнес ДСҰ жағдайларында не істеу қажеттігінен бейхабар. Барлық мүмкіндіктер бар, бірақ бизнес мәселесі әлі де ақсап тұр. Бизнестің қажетті деңгейде өркендей алмай тұруының негізгі себептерінің бірі – сауда саясатының тиімсіз тетіктері, нақты іс-әрекеттер стратегиясының болмауы. Біз инновациялар енгізуді қамтамасыз етіп, қазақстандық өнімнің сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндіктер жасауымыз керек. Қолжетімді нарықтарда өз ұстанымымызды күшейтіп, жаңа нарықты бағындыруға жағдайлар жасауға тиіспіз. Оған қажет әлеует бізде жеткілікті», – деді ол.

Әлтаев, бірқатар бағыттар бойынша өндіріс көлемін арттыра аламыз деген пікірді алға тартты. Олардың арасында май және жемшөп дақылдары, тауық жұмыртқасы, ет және сүт өнімдері, өсімдік майы, кондитер өнімдері, шырын және өзге де тамақ өнеркәсібі өнімдері бар. «Біздің экспорттық әлеуетіміз орасан зор. Әсіресе, біздің қарапайым ішкі ұстанымымызды ескерсек, өнімдерді эспортқа шығаруға әлеует жетерлік. ҚХР-дағы жыл сайынғы азық-түлік импорты көлемі 115 млрд АҚШ долларын құрайды. Тек былтырғы жылы ғана, Қытайға, 3 млн тонна бидай мен 11 млн тонна арпа жіберілді. Олардың жалпы сомасы 4 млрд АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ, жалпы құны 2,3 млрд  АҚШ доллраны құрайтын кептіріліп, салқындатылған 500 мың тонна сиыр еті жөнелтілді. Осынша ірі көлемдегі азық-түлік өнімдерінің ішінде қазақстандық өнімнің үлесі бар-жоғы 0,1%-дан аспай отыр»,– деді ол.

Ұлттық палата өкілінің айтуынша, сату нарығын дамытудағы басты мақсаттардың бірі ауыл шаруашылығы  мен азық-түлік өнімдерін ҚХР, Иран, Парсы шығанағы елдеріне экспорттау  болып отыр.  «Ұлттық палата ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін Қытайға эскпорттауға қатысты бірқатар жұмыстарды қолға алды. Осылайша «Қытайға экспортта!» бастамасы іске қосылды. Аталған бастаманы жүзеге асырушы әрі үйлестіруші «Атамекен» ҰКП-ның еншілес мекемесі – Қазақстанның ішкі сауда палатасы. Бұл бастамалар алдағы уақытта өзге де әлеуеті мол мемлекеттерге қатысты өз жалғасын таппақ. Бұдан бөлек, біз Қытаймен сауда мәселесі жөнінде, онлайн-алаң құру жұмыстарын қолға алғалы жатырмыз», – деді ол.

Экспорттық әлеуетті күшейту және отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттігін арттыру мақсатында, «Атамекен» ҰКП кәсіпорындарды экспорттаушы деңгейге дейін өсіру керек деп отыр. Бұл мақсатта, ҮИИДМБ аясында әзірленетін, саланы дамытуға қатысты қосымша шаралардың Жол карталарын енгізу жоспарлануда. Бұған қаржылық қолдау көрсету ісі де енгізіліп отыр. 

Әлтаев сонымен бірге, Қазақстанда түрлі мемлекеттік институттар – KAZNEX INVEST, Қазэкспортгарант, ҚазАгро, ИДМ, АШМ мен әкімдіктер – экспорт мәселесінде бір-бірінің қызметін қайталап отыр деген пікір білдірді. «Экспорт бойынша бірыңғай саясат бізде жоқ. Мұның бәрін басқаратын қандай да бір мемлекеттік орган және оның ішінде, жалпы экспортқа жауап беретін құрылымдық бөлім болуы тиіс. Осы орайда, біз Жеңіс Махмұтұлы, Сіздерден, экспорттың бірыңғай стратегиясын әзірлеу бастамасына қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз», – деп Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбекке өз пікірін айтты.

Мемлекеттік сатып алулар мәселесіне ойысқан «Атамекен» Басқарма төрағасының орынбасары, бірқатар тың мәліметтерді ортаға салды. «Қазір мемлекеттік сатып алулар нарығы шамамен 9.5 трлн теңгені құрап отыр. Олардың ішінде, мемлекеттік сатып алуларға 2,4 трлн теңге тиесілі болса, 3,4 трлн теңге – квазисектор субъектілерінің сатып алуларына және 3,7 трлн теңге – жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі болып отыр. Бұл тұста отандық кәсіпкерлердің сатып алуларға қатысу мәселесін шешуіміз тиіс. Мұнда да түйткілді мәселелер бар. Мәселен, қағаз жүзінде сатып алулардың  80%-ын отандық кәсіпкерлер жүзеге асырады делінсе, іс жүзінде олардың оған қатысуы 50%-дан аспайтыны анықталған», – деді Палата өкілі.

Мысалы, статистикалық мәліметтерге сәйкес, ОҚО бойынша сатып алуларға жергілікті тауар өндірушілердің қатысу мөлшері 2016 жылы (9 ай) 81,6% құрайды деп көрсетілген. Алайда, ОҚО Кәсіпкерлер палатасы жүргізген сараптама нәтижелеріне сәйкес, бұл көрсеткіш тек тауарға бойынша ғана  33%-дан аспай отыр. «Бұл бәрімізге ортақ мәселе.Тағы  бір айта кетер жайт, Жиһаз өнеркәсібі қауымдастығының ақпаратына сәйкес, білім беру нысандары құрылысына шетелде жасалған жиһаздар сатып алынған екен. Ал, есеп бойынша сатып алуларға 100% жергілікті тауар өндірушілер қатысқан деп көрсетілген», – деді Басқарма төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, Әлтаев, Ұлттық палата тарапынан ұсынылатын бірқатар ұсыныстарға тоқталып өтті. «Индустрия және даму министрлігі жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодексті әзірлеу туралы бастама көтерді. Онда мемлекеттік сатып алуларды реттеу көзделген. Біздің ойымызша, жер қойнауын пайдаланушылардың қадағалаусыз сатып алулары бірқатар келеңсіз жағдайлардың орын алуына әкеліп соқтырады деген ойдамыз. Біз осы тармақты алып тастау туралы ұсыныс айтамыз», – деді ол.

«Биыл барлық жүзеге асырылған сатып алуларға аудит жүргізіп, отандық тауар өндірушілердің оған қатысуының нақты әрі түсінікті тетіктерін әзірлеу қажет деген ойдамыз. Алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйеніп, мемлекет тарапынан түсетін кепілдігі бар мемлекеттік сатып алуларды нығайту туралы ұсыныс айтамыз. Бизнеске арнайы міндеттер жүктеп, олар ұзақ мерзімге, 3-5 жылға бекітілетін келісімшарт арқылы іске асырылуы тиіс», – деп қорытындылады Әлтаев.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер