astana-view

Қазақстанда 23 жаңа инновациялық жоба іске қосылды

2016 жылғы 06 Желтоқсан
16251 просмотров

Бүгін телекөпір тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 23 жаңа инновациялық-индустриалдық жобаны іске қосты

Елбасы жаңа құрылған немесе жаңартылған кәсіпорындардың барлық инвесторларына ақжол тілеп, олардың ұлттық экономикаға қосқан үлесін жоғары бағалады. Мәселен Нұрсұлтан Назарбаев экстракциялық фосфор қышқылы өндірісінің алғашқы кезеңіне қадам басқан Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» ЖШС өкілдеріне «бұл – ауылдағылар көп күткен химиялық өнім» екенін жеткізді.

«Мен бұл жобаларды іске қосуға рұқсат бере отырып, әлбетте, сіздерді құттықтағым келіп отыр. Біз егіс көлемін 15-20%-ға арттыруға мүмкіндік беретін бұл химикатты көптен күткен едік. Мұндай кешенді өнім бізде бұрын-соңды болмаған, бұған дейін оны шетелден импорттайтын едік. Енді, уақыт өте келе оған да қол жеткіздік. Мен бұл нысанды өзім қадағаладым», – деді Президент.

№4  домендік пешін жаңартқан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшылары мен басшыларына қатысты да жылы лебіздер айтылды.

«Біздің елдегі металлургия саласының «қарлығашы», бұрынғы КСРО-ның үздік кәсіпорындарының бірі Қарағанды металлургиялық комбинаты  жылына 6 млн тонна болат өндіруге қол жеткізуі керек. Ал ондағы ең үлкен №4  домендік пеші қайта жөндеуден өткізіліп, жүрекке зор сенім ұялатып отыр», – деді Елбасы.

Телекөпірді аяқтай келе, Қазақстан Президенті ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді. «Үкімет, Инвестициялар мен даму министрлігі, отандық компаниялар үлкен жұмыс жасады. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына осындай сыйлық жасағандарыңыз үшін зор алғыс, елге бұдан артық сый жоқ», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кәсіпорындар тізімі:

Ақмола облысы:

Глифосат калий тұзы мен құрамында гербифидтері бар глифосат өндірісі іске қосылды. «АвгустНан» ЖШС;

Ақтөбе облысы:

Үй құрылысы комбинаты іске қосылды. «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС;

Алматы облысы:

Қуаттылығы жылына 400 мың тонна болатын, инновациялық технология арқылы қайта өңделген шойын шығаратын Тау-кен қайта өңдеу кешені іске қосылды. «Bapy Mining» ЖШС;

Алматы-Шу аралығындағы екінші темір жолдың құрылысы аяқталды. «ҚТЖ» ҰҚ АҚ;

Алматы-Қапшағай авкөлік жолын қайта қалпына келтіру жұмыстары (104 км). «Қазавтожол» ҰК» АҚ;

Атырау облысы:

Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта құру және жаңарту (мұнайды тереңінен өңдеу кешенін механикалық іске қосу). «Атырау МӨЗ» ЖШС;

Шығыс Қазақстан облысы:

Қазақстанда АЭС-қа арналған жылу бөлетін жинақтар (ЖБЖ) өндірісінің құрылысы басталды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ;

Металлургиялық өндіріс (қолданыстағы кәсіпорын). «Қазцинк» ЖШС;

Екібастұз-Семей-Өскемен 500 Кв электр желісінің құрылысы

іске қосылды. «KEGOC» АҚ;

Ақтоғай  тау-кен байыту комбинаты (Сульфид рудасын қайта өңдеу жөніндегі фабрика) іске қосылды. «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС;

Жамбыл облысы:

Экстракциялық фосфор қышқылы өндірісінің ЭФК-1 технологиялық жүйесін қайта құрудың 1-кезеңі іске қосылды. «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар»;

Батыс Қазақстан облысы:

Қара уылдырық пен тауарлық бекіре етін өндіру жөніндегі  акваөнімдер кешені іске қосылды.  «Аква өнімдер өндірудің тәжірибелік-өндірістік оқу-ғылыми кешені»  ЖШС;

Қарағанды облысы:

№4 домендік пеші жаңартылды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ;

«Көктасжал» кен орны базасында тау-кен-байыту кешенін салынып, пайдалануға берілді. «Алтай полиметаллы» ЖШС;

Астана-Теміртау (169 км) автожолын қайта қалпына келтіру жұмыстары. «Қазавтожол» ҰК» АҚ;

Қостанай облысы:

Қолданыстағы «Баян Сұлу» АҚ өндірісі кеңейтілді. «Баян Сұлу» АҚ;

Қызылорда облысы:

«ШалкияЦинк ЛТД» АҚ  Қызылорда облысы Шалқия кен орнындағы полиметалл рудаларын байыту фабрикасының құрылысы;

Маңғыстау облысы:

Құрық ауылында паром кешені іске қосылды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ;

Павлодар облысы:

Алюминий өндірісі (қолданыстағы кәсіпорын).

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ;

Солтүстік Қазақстан облысы:

Тайыншы ауданында майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты іске қосылды. «Тайынша май» ЖШС;

Оңтүстік Қазақстан облысы:

«KARLSKRONA LC AB» ЖШС жалпы құрылысқа арналған және арнайы мақсаттағы құймалар дайындайтын құю зауыты іске қосылды;

Астана қаласы:

Құрылыс материалдарын шығаратын зауыт іске қосылды. «Selena Insulations»ЖШС;

Алматы қаласы:

Сәнді аяқ киім өндірісі іске қосылды. «Казлегпром-Алматы» ЖШС.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер