astana-view

Құрылыс материалы қымбаттаса жобалық-сметалық құжаттаманы түзету мүмкін болмайды

2024 жылғы 22 Қаңтар
6772 просмотров

 2024 жылғы 17 қаңтарда Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығының жобасын жария талқылау аяқталды.

Ұлттық палата 2021 жылы жұртшылықты құрылыс материалдары құнының күрт өзгеруінен туындаған құрылыс жобаларының қымбаттауы мәселесін шешу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы хабардар еткен болатын.

Сол уақытта Ұлттық палата жобалардың қымбаттауы мәселесін шешу бойынша жүргізіп жатқан жұмыс шеңберінде мердігер ұйымдар мен тапсырыс берушілер проблемаға тап болды. Атап айтқанда, заңнамада құрылыс материалдарының құны қымбаттаған кезде жобаның құнын түзетуді жүргізудің  құқықтық негізі болмады.

 ҰКП осыған байланысты Үкімет деңгейінде Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестицияның өзге де нысандары есебінен объектілер салуға арналған жобаларды бекіту қағидаларына тиісті өзгерістер енгізу мәселесіне бастамашылық жасады.

 Жоғарыда айтылғандай, осы түзетулерді қабылдау сол кезеңде жүргізіліп жатқан құрылыс жобаларын түзету рәсімдерінің проблемаларын шешті. Сонымен қатар жалпы құрылыс бойынша бюджеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау мен қаржыландырудың қолданыстағы рәсімдерінің жетілмегендігімен байланысты құрылыс бизнесі көтеретін бірқатар проблеманы ішінара шешуге мүмкіндік берді.

Бұл ретте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бизнестің бастамасы бойынша бұрын енгізілген нормаларды алып тастайтын түзетулерге негізсіз бастамашылық жасап отыр.

Бизнес-қоғамдастық өкілдері құрылыс бойынша бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен іске асырудың түйткілді мәселелерін тұрақты негізде көтеріп келеді. Мысалы, қазір мынадай шешілмеген мәселелер бар:

- бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманы уақтылы іске асырмау;

- тапсырыс берушілердің жобаларды қаржыландыру кестесін тиісінше орындамауы;

- тапсырыс берушілердің жобалық-сметалық құжаттамағ сәйкес орындалған жұмыстарға ақы төлеу мерзімдерін сақтамауы.

Іс жүзінде бұл мәселелер мердігерлер үшін әкімшілік және қаржылық кедергілер тудырады. Сонымен қатар іске асыру барысында құрылыс жобаларының қымбаттауына және оларды кейіннен түзетуге әкеледі.

Кәсіпкерлердің пікірінше, бұл норманы алып тастау иерархия бойынша жоғары тұрған нормативтік құқықтық актіге – ҚР Азаматтық кодексіне тікелей қайшы келетінін атап өту қажет.

 Мәселен, ҚР Азаматтық кодексі 655-бабының 3-тармағына сәйкес мердігер, егер оған байланысты емес себептер бойынша жұмыс құны сметадан кемінде он пайызға асып кетсе, ол сметаны қайта қарауды талап етуге құқылы.

Бұдан басқа, ҚР Азаматтық кодексі 621-бабының 5-тармағында келісімшарт жасасқаннан кейін мердігер ұсынуы тиіс материалдар мен жабдықтар, сондай-ақ оған үшінші тұлғалар көрсететін қызметтердің құны айтарлықтай өскен кезде мердігер белгіленген бағаны (сметаны) ұлғайтуды талап етуге, ал тапсырыс беруші бұл талапты орындаудан бас тартқан кезде келісімшартты бұзуға құқылы екені қарастырылған.

Құрылыс материалдары, бұйымдар мен конструкциялары нарығында баға белгілеу нарықтық құралдар негізінде жүзеге асырылатынын және мердігер компаниялардың тауар құнын реттеуге мүмкіндігі жоқ екенін ерекше атап өткен жөн.

Жобаны іске асыру сәтінде оның нақты қымбаттауы құрылыс материалдары, машина-механизмдер, жабдықтар мен еңбекқыға бағаның өзгеруіне байланысты тапсырыс берушіге немесе мердігерге тәуелді емес. Сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және бекіту кезеңінде болжау мүмкін емес.

  Мемлекеттік органдар тарапынан жобаларды іске асыру кезеңінде құрылыс материалдары, бұйымдар мен конструкцияларына бағаның тұрақтылығына кепілдік жоқ.

Мұндай жағдайда құрылыс ресурстарының құнын едәуір ұлғайту кезінде жобаны түзету мүмкіндігінің болмауы құрылыс ресурстарының қымбаттауына байланысты барлық күтпеген шығынды мердігер көтеруге мәжбүр етеді. Нәтижесінде компанияның қаржылай жағдайына теріс әсер етеді, әлеуметтік нысандардың аяқталмау және құрылыс компанияларының банкротт болу тәуекелдерін арттырады.

 ҰКП мамандары бұйрық жобасында көзделген өзгерістерді енгізуді үзілді-кесілді қолдамайды. Өйткені уәкілетті орган құрылыс ресурстарының құны қымбаттаған жағдайда ЖСҚ түзету мүмкіндігін болдырмай, жобаны іске асыру тәуекелдерін және оны іске асыру барысында материал қымбаттауына байланысты шығыстарды мердігер ұйымдарға іс жүзінде жүктегісі келеді.

Тиісті позиция әзірлеуші органның атына жолданды және осы мәселе бойынша бизнестің позициясы ескеріледі деп үміттенеміз.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер