astana-view

Семинарлар сан саланы қамтыды

2016 жылғы 03 Қараша
- Ақмола облысы
11028 просмотров

Облыста «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агробіліктілік орталығы ұйымдастырған оқу семинарлары аяқталды

Қазан айындағы ет өнімдері мен ет өңдеу жөніндегі соңғы семинарлар циклы өңірдің ең қуатты кәсіпорындарында өтті: «CAPITAL PROJECTS LTD» ЖШС, «Щучинский мясокомбинат» ЖШС, «KazBeef Ltd» ЖШС.

Семинарлар жұмысына Қазақ технология және бизнес университетінің дәріскері, техникалық ғылымдар докторы Ермек Әбілмәжінов, шетелден шақыртылған арнаулы сарапшы, РФ техникалық ғылымдар докторы Михаил Трифонов, Агробіліктілік орталығының «Ет өңдеу және ет өнімдері» бағытының сарапшысы Серік Түменов қатысты.

Тыңдаушылар қатарында – ауылшаруашылық өндірушілері, кәсіпкерлер немесе мал өсіру мен ет өңдеу саласында біршама жетістікке жеткен фермерлер, яки ет өңдеу және ет өнімдерін өндіру саласын таңдауды жоспарлап жүргендер болды.

«CAPITAL PROJECTS LTD» ЖШС – Ақмола облысындағы ең ірі құс етін өндірушілердің бірі. Кәсіпорын базасында – заманауи құс кешені, онда құс өсіруден етті өңдеуге дейінгі барлық жұмыс қамтылып, тек Қазақстанның сауда орталықтарына жеткізіп берумен ғана емес, шетелге жіберу де жүзеге асады.

«Етті тереңдете қайта өңдеу ерекшеліктерін ескере отырып қайта өңдеуші кәсіпорындардың тиімділігі» семинарының қатысушыларына мал союдың қыр-сыры, етті жіліктеп, бөлу, терісін илеу көрсетілді, ет өнімдерін өндіру мен орау, консервация тәсілдері, ысталған шұжық жасау өнімдері туралы егжей-тегжейлі айтылды. Ет пен ет өнімдерін импорттау, экспорттау кезіндегі қажетті сауда шаралары, тағамдық өнімдердің қауіпсіздігін басқаратын жүйе, мал шаруашылығы өнімдерін елге кіргізу мен сыртқа шығару туралы жүзеге асып жатқан тыйымдар, ет өндірісіндегі сапа бақылауы туралы мол ақпарат берілді.  

Оқыту семинарлары ары қарай Щучинск ет комбинатында жалғасты. «Етті дұрыс өңдеу ерекшелігін есепке ала отырып ет өңдеуші кәсіпорындардың тиімділігі» атты семинардың қатысушылары етті дұрыс өңдеудің технологияларымен танысты, тиімділігі жоғары кәсіпорынды ұйымдастырудың ерекшелігі туралы білді, ет өнімдерін өндіру кезіндегі ветеринарлық-санитарлық талаптарды түсінді. Тыңдаушыларға мемлекеттік қолдау туралы, несиенің түрлері, салық жеңілдіктері, өзге де ауыл шаруашылығына қатысты оңтайлы дүниелер таныстырылды. 

Ермек Әбілмәжінов ауылшаруашылық өнімдерінің шаруашылықтары мен өңдеушілері кооперациясының, қасапхана ашу мен қызмет көрсету орталықтарын ашудың мүмкіндіктері зор екенін атап айтты.

Михаил Трифонов өз кезегінде ет өндірісінің Ресейдегі дамуы туралы айтып, азық-түлік өнімдерінің барлық түрін рәсімдегенде ілеспе құжаттары жүруі тиістілігіне тоқталып, ет өнімдерін экспорттау кезіндегі туатын қиындықтар мен кедергілер, тәуекел жағдайларды түсіндірді.

«Щучинский мясокомбинат» ЖШС жаңа сойылған етті дайындау үшін малды Ақмола облысының шаруаларынан сатып алады. Кәсіпорын басшысы Николай Строкопис айтпақшы, Ресейге экспортталатын ет ветеринарлық қадағалаудың бәрінен тиісінше өтіп, халықаралық талаптарға сай рәсімделіп жіберіледі. Бай тарихы бар кәсіпорын бүгінгі таңда тиімді жұмыс жасау үшін өндірісті жаңғыртуды қолға алған.

«Етті дұрыс өңдеу технологиясы мен ет және ет өнімдерін экспорттау үдерісі» тақырыбын тағы да тыңдармандар қалауын есепке ала отырып таңдауға тура келді, бұл жолы «KazBeef Ltd» ЖШС шаруашылығында өткізілді.

Технологиялар ерекшелігін ескере отырып етті тереңдете қайта өңдеу туралы, бағып отырған малды союға қатысты ветеринарлық-санитарлық талаптарды ескеру, етті өңдеу үдерісін тиімді басқару мүмкіндіктері, етті сақтау, орау туралы ақпаратқа қоса Ермек Әбілмәжінов, «КазАгро» АҚ несие бағдарламалары және «Даму» АҚ қолдау тәсілдері туралы тәптіштеп айтып берді.

Дайын өнімді экспорттау тақырыбы да қалыс қалмады, жүзеге асып жатқан халықаралық келісімдер, өзара сауда-саттық, сертификаттарды мойындау туралы да кең айтылды. Шетелдік сарапшы өзінің лекциясы барысында етті дұрыс өңдеу мен азық-түлік өнімдерін бақылау үдерістері тақырыбын тұтас ашты, ол тауарлық белгісіне дейін қадағалайтын ресейлік тауар бақылау тәжірибесімен бөлісті.

Серік Түменовтің айтуынша, «KazBeef Ltd» ЖШС  2010 жылдан бері асыл тұқымды ангус пен герефорд ірі қара малын өсірумен шұғылданады. Осы кәсіпорын алғашқылардың бірі болып елімізге 1300 бас мүйізді ірі қараны Солтүстік Дакотадан алып келген еді. Қазіргі таңда компанияның өзінің 30 мың  бас шаруашылық-репродукторы бар. Мұнда 2000 бас асыл тұқымды ірі қара және 1200 бас құнажын мен бұқалар бар, яғни әкелінген малдың төлі, олар Қазақстанда көбейген, жергілікті жердің ауа райына бейімделген. Бизнес-жобаның барлық кезеңін өткеріп келе жатқан компания 10 мың бас малды жайылымда ұстайды, ооған қоса жоғары сапалы жем-шөп өндіретін «KAZGRAIN» зауытын ашқан. Кәсіпорын қазіргі кезде жаңа бағытты бағындырып, бір ауысымда 50 бас мал соятын қасапхана ашып, дайын ет өнімдерін өндіретін өндіріске ие. «KazBeef Ltd» бүгінгі таңда «METRO» гипермаркеттер торабының ресми серіктесі, өзі өндіретін мәрмәр ет пен шұжық өнімдерін түр-түрімен жеткізіп отырады.

«Тәжірибелік сабақтарда тыңдармандар барған кәсіпорындардың жетістіктерімен танысты, етті дайындау технологияларымен етене танысты, дайын етті қалай орайтынын көрді, етті қалай сақтайтынын байқады, қандай құрылғылар жұмыс істеп тұрғандығын өз көзімен көрді. Семинардан кейін қатысушылар шақыртылған сарапшыларға, шетелдік лекторға, кәсіпорын қызметкерлеріне өз сұрақтарын қойды. Семинар біткен кезде осындай оқыту курсынан өтті деген сертификат беріліп, келешекке сеніммен қарауға ақжарма тілектер айтылды» - деді Серік Түменов.    

Өңірлік палатаның ауылшаруашылық кешенін дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Джазинаның айтуынша, семинарларды ұйымдастыру басталған сәттен бастап облыста 42 курс өткізілген, оларға 687 адам қатысқан.

Семинардың теориялық және тәжірибелік бөлімдері АӨК-нің: өсімдік шаруашылығы (өндіріс, дәнді, майлы, мал азығы, картоп дақылдарын қайта өңдеу), мал шаруашылығы (ет-сүт өнімдерін өңдеу, сүтті мал бағу, асыл тұқымды мал бағу) тәрізді бағыттарын қамтыды.


Ұқсас жаңалықтар:

Асыл тұқымды малға күтім қажет
6 Қыркүйек
2016
Қостанай облысы
Тегін семинардың пайдасы мол
6 Қыркүйек
2016
Батыс Қазақстан облысы
«Қарбыз еліне» саяхат
5 Қыркүйек
2016
Павлодар облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер